Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев «Өзенмұнайгаз» және «Жетібаймұнайгаз» кен орындарындағы бірқатар нысандарды аралады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" аталмыш ведомоствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Өзенмұнайгаз» кен орнын аралау барысында Нұрлан Ноғаев мультифазалы
сорғы қондырғысының, жерасты жабдықтарын жөндеу және диагностикалау цехының, суды алдын ала ағызу қондырғысының, мұнай кәсіпшілігі жабдықтары мен технологиялық коммуникацияларды жөндеу басқармасының жұмысымен танысты.
«Жетібаймұнайгаз» кен орнында Министр өндірістік басқарманы, сондай-ақ кен орны музейін аралады.
Сонымен қатар, Нұрлан Ноғаев табиғи, ілеспе мұнай газы мен газ конденсатын өңдеуді жүзеге асыратын қазақстандық газ өңдеу зауытында болды. Зауыт тауарлық (құрғақ) газды, сұйытылған мұнай газын (СМГ), пештік тұрмыстық отынды, сондай-ақ көмірсутегі еріткішін өндіреді.
Мұнай кәсіпорындарының жұмыскерлерімен кездесу барысында Энергетика министрі пандемияның Қазақстанның мұнай индустриясына әсері туралы айтты. 2020 жылы мұнай өндіру жоспары 90-нан 85 миллион тоннаға дейін қысқарды, бұл өз кезегінде мұнай өндіруші және мұнай сервистік компанияларының жұмыс көлемінің төмендеуіне алып келді. Қазақстан Үкіметі өз кезегінде осы компанияларды қолдауға бағытталған бірқатар әкімшілік және салықтық шараларды қабылдады.
Әңгімелесу барысында Министр мұнай индустриясында жұмыс істейтін компанияларға пандемия кезеңінде көрсеткен көмектері үшін, атап айтқанда жедел жәрдем машиналарын сыйға бергені, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз еткені және пациенттер үшін төсек-орын ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді.
Сонымен қатар, Нұрлан Ноғаев ОПЕК+келісімі шеңберінде Қазақстанның жүргізіп жатқан жұмысы туралы айтып берді.
- Қазақстан ОПЕК+-пен тығыз ынтымақтастық орнатқан. Пандемия адамзаттың барлық салаларына үлкен түзетулер жасады, мұнай саласы да осыдан тыс қалған жоқ. Мұнай экспорттаушы елдердің келісімі арқасында біз мұнай мен мұнай өнімдері нарығында тепе-теңдікті сақтап, кейбір кен орындарының авариялық тоқтап қалуының алдын алдық. 2020 жыл барлық мұнай саласы үшін сынақ болды, алайда бірлескен күш-жігердің арқасында нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігі біртіндеп қалпына келуде.
Мен Қазақстанның мұнай саласының барлық қызметкерлеріне олардың еңбегі үшін алғыс айтқым келеді. Ортақ күш-жігердің арқасында біз еліміздің отын-энергетикалық кешені үшін жағымсыз салдарлардан құтыла алдық, - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.
2020 жылғы қазанда айында, алдын ала ресми деректерге сәйкес Қазақстанда конденсатты есепке алмағанда мұнай өндіру тәулігіне 1,400 млн.баррельді құрады. ОПЕК + келісімі бойынша міндеттемелерді орындау деңгейі 99%-ды құрады.