30 мау, 2021 сағат 19:03

Ноғаев Қарағанды мен Ақмола облыстарын газдандырудың кешігу себебін атады


Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев ел алдындағы есептік кездесуін қорытындылаған брифингіде Қарағанды мен Ақмола облыстарын газдандыру жұмыстарының кешігу себебін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Адамдар газды Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола, Қарағанды облыстары әкімдіктерінің кестесі бойынша алып жатыр. Жекелеп айтсақ, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ақпараты бойынша астананы газдандыру жұмыстары үш кезеңге жоспарланған. Әуелі №1 және №2 жылу-электр орталықтарын газға ауыстыру, Көктал-1, Көктал-2, Теміржолшылар шағын аудандарын газдандыру көзделген. Қазір аталған жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл – көп жұмысты қажет ететін шаруа», -деді ведомство басшысы. 

Министрдің сөзіне қарағанда, астанаға іргелес елді мекендердің газдандыру жұмыстары кестеге сай жүріп жатыр. Ал көрші өңірлерді газдандыру жұмысының кешігуіне ұйымдастыру жұмыстары түрткі болса керек. 

«Қарағанды облысы бойынша айтсақ, бүгінгі таңда Теміртау және Жезқазған қалаларын газдандыру жұмыстары жүріп жатыр. Әрине, Қарағандының өзіне де газ тартылады. Ақмола облысындағы жұмыстардың кешігуіне жобалау-сметалық құжаттардың әзірлігі мен мердігер таңдау мәселесі себепкер болды. Қазір олар да қарқын алды. Астананы, Қарағанды және Ақмола облыстарының елді мекендерін газдандыру Энергетика министрлігі мақұлдап бекіткен кестеге сай жүріп жатыр. Энергетика министрлігі өзінің міндеттемелір аясында барлық жұмыстарды атқарды. «Сарыарқа» газ магистралі тартылды. Қазір әкімдіктер жұмысты әрі қарай жалғастыруда. Мен бұны өте ауқымды жоба деп есептеймін. Оның толық іске асуына уақыт керек. Оның үстіне өмір өз түзетулерін енгізіп жатыр», - деді Нұрлан Ноғаев.