Қазақстан қаңтар айында 736 млн текше метр газ экспорттады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2021 жылғы қаңтар айының қорытындысы бойынша 4,7 млрд текше метр көлемінде газ өндірілді. Жоспар 97,7 пайызға орындалды. Газ өндірісінің төмендеуіне Теңіз кен орнында электр энергиясының істен шығуы салдарынан мұнай өндірудің төмендеуі әсер етті. Өз кезегінде бұл ілеспе газ өндірудің төмендеуіне алып келді», - деді Нұрлан Ноғаев.
Министрдің айтуынша, тауарлық газды ішкі тұтыну көлемі 2,5 млрд текше метрге жетті. Көрсеткіш қаңтар айының жоспарынан 112,4 пайыз артық.
«Сұйытылған мұнай газын өндіру көлемі 280 мың тонна, жоспардың 102,6 пайызын құрайды. Экспортқа шығарылған газ көлемі 736 млн текше метрді құрады. Есепті кезеңнің жоспарымен салыстырғанда 119,3 пайызға жетті», - деді министр.