Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев аймақтағы заңсыз балық аулаушылармен күрес тиімді болу үшін су полициясы мен балық инспекциясының қосымша бөлімдерін ашу мәселесін шешуді тапсырды, - деп хабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.
Нұрлан Ноғаев Құрманғазы ауданында өңірдегі балық шаруашылығының проблемаларына қатысты көшпелі жиналыс өткізді. Оған мемлекеттік органдар мен құқық қорғау саласының өкілдері, балық аулайтын кооператив басшылары қатысты. Жиналыста балық саласын реттеу, заңсыз балық аулаумен күрес мәселесі қаралды.
Шара барысында құқық қорғау және бақылаушы органдарды кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі де көтерілді. Нұрлан Ноғаев басшыларды браконьерлікпен күресте алдыңғы шепте болатын мамандарды мұқият таңдауға шақырды. Егер жасалып жатқан жұмыстар нәтиже бермесе, белгілі бір себептері болуы керек.
- Демек ол мамандар браконьерлермен сыбайлас деуге негіз бар, жұмыс істеуге ниеттері жоқ деген сөз. Ал егер нақты осылай болса, ондай адамдарды жұмыстан босатып, өзіне жауапкершілік пен міндет ала алатын, жұмыс істейтіндерді қызметке алу керек, - деді Нұрлан Ноғаев.
Аймақ басшысы сондай-ақ балық қорына қол сұғушы қылмыскерлермен күрес бөлімі мен облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының өкілдеріне кадрлерді алмастыру механизмін табуды ұсынды. «Аудан деңгейіндегі басшылар төрт жыл жұмыс істегеннен кейін қызмет орындарын ауыстыруы керек. Осылайша сыбайлас жемқорлық қаупі азаяды, қызметкерлердің кәсіби біліктіліктері жоғарылайды», -деді облыс әкімі.
Жиналыс қортындысы бойынша аймақ басшысы мемлекеттік орган басшыларына бірқатар тапсырмалар берді. Ең бастысы - браконьерлікпен күресті күшейту және облыс аудандарында су полициясы мен балық инспекциясының қосымша бөлімдерін ашу туралы ұсыныс дайындау.