04 қар, 2019 сағат 15:53

Ноғаев: Атырау университеттеріндегі жемқорлық мені де қынжылтады

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өңір университеттеріндегі жемқорлық фактілеріне қынжылыс білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Атыраудың екі университетінің сыбайлас жемқорлық бойынша алдыңғы орында тұрғаны, әрине қынжылтады. Бұл бүкіл Атырау тұрғындарын алаңдатады. Себебі әркім өз баласының, ұрпағының лайықты білім алғанын қалайды», - деді Нұрлан Ноғаев БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Оның атап өтуінше, Атырау университеттерін жемқорлық жайлағаны «Nur Otan» партиясының жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңесінде талқыға түскен.

«Дегенмен, университет өз тарапынан біраз шараны жүргізіп жатыр. Сіз атап өткен деректер - «Jas Otan» жастар қанатының сауалнама жүргізу арқылы алған нәтижесі. Оған қатысқан 50 мың студент оқу ордасында жемқорлық бар екенін айтқан екен. Өз кезегінде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті жұмысын істеп жатыр. Атап айтқанда, ректорат оқытушылардың сессияда қайсысы параға бейім екенін анықтау үшін студенттер арасында сауалнама жүргізеді. Соның нәтижесінде ықтимал оқытушыларды емтихан, сынақ алуға жібермейді. Бұл - бір күнде бітетін іс емес. Сессияның тазалығын, диплом жұмыстарының әділдігін қамтамасыз ету бағытында университеттердің өз ұстанымы бар», - деді Нұрлан Ноғаев.