13 шіл, 2021 сағат 14:16

Нобель сыйлығының лауреаты «Гауһар тасты» швед тілінде сөйлетті


Белгілі жазушы, драматург Дулат Исабековтің швед тіліне аударылған шығармалар жинағы оқырманға жол тартты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Gün Publishing House және Hertfordshire Press атты швед баспасы қазақ жазушысының шығармаларын «Brännande Sol, Isande Vind, Levande Stäpp» (От үрлеген күн, Мұз бүріккен жел, Жанды дала) деген атпен аудару жұмысын 2019 жылы бастаған болатын. 

Баспа мамандары аударманың мазмұнымен бірге кітап мұқабасының көрнекті әрі сапалы болуына да көп күш салынғанын айтады. 

Соның арқасында кітап тек Швецияға емес, Лондон арқылы бүкіл Еуразиядағы шведтілді оқырмандарға таратылмақ. 

Жазушы, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының бірінші лауреаты Дулат Исабековтің драмалық шығармалары Лондондағы Еуразия шығармашылық Гильдиясының қолдауымен құрлықтағы бірнеше елде сахналанып жүр. 

2022 жылы бұл елдердің тізіміне Аустралия да енбекші.

«Brännande Sol, Isande Vind, Levande Stäpp» кітабына жазушының «Гауһар тас», «Сүйекші», «Дермене», «Өкпек жолаушы», «Біз соғысты көрген жоқпыз» сияқты бес танымал повесі мен «Қабылан» және «Тыныштық күзетшісі» атты әңгімелері кірген. 

Бұл ретте «Өкпек жолаушы» повесінің Лондонда сахналанғанын айта кету керек.

Кітапты швед тіліне Нобель сыйлығының лауреаты, Швед корольдік Ғылым академиясының академигі, Америка ғылым және өнер академиясының мүшесі Бенгт Самуэльсон аударған.

Кітаптың промо-презентациясы былтыр Лондондағы Oebf 2020 әдеби фестивалінің аясында өткен болатын. Ал ресми тұсаукесерін биыл Қазақстанның Стокгольмдағы Елшілігімен бірлесіп өткізу жоспарланып отыр. Шарада швед академиктері мен дипломаттары қатысып, кітап туралы рецензияларын ұсынбақшы.

Кітаптың онлайн нұсқасын Discovery Bookshop ресми сайтынан сатып алуға болады.