01 қар, 2017 сағат 15:55

Неміс этносының мәдениеті күндері өтті

Егістікке ризашылық білдіруге бағытталған мейрамдардың барлығы дерлік ауылшаруашылық жұмыстары аяқталған мерзім, яғни қазан айында тойланатыны белгілі. Олардың кейбірі белгілі бір аймақтарда ғана аталып өтсе, енді бірін неміс халқының барлығы атап өтеді. Егістікке ризашылық білдіру мерекесі «Erntedankfest» те осы санатқа кіреді. Бұл – алғыс айту күні.

Әдетте аталған мерекені ауа-райының қолайлы болып, егіннің көптеп шыққаны мен өткен жылы орын алған жағымды оқиғалар үшін Тәңірге ризашылық білдіру мақсатында сән-салтанатты түрде өткізеді.

Жамбыл облысында тұратын неміс халқы да бұл мерекені елеусіз қалдырмады. Дәлірек айтсақ, 2017 жылдың 29 қазаны күні Достық үйінде Жамбыл облыстық немістер қоғамы облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ қолдауымен «Erntedankfest»-ке орай, неміс этносының мәдениеті күнін өткізді. Ұйымдастырушылар осы іс-шара арқылы көрерменді егістікке ризашылық білдірудің мәнімен, неміс халқының әдет-ғұрпымен таныстырып, сахнадағы қойылымдарға тартуды көздеді.

Мерекелік іс-шара жан-жақты ойластырылып, үлкен бір мюзикл сынды ұйымдастырылған екен. Театрландырылған қойылымдардан бөлек, онда орыс және неміс тілдерінде әндер айтылып, би биленді. Неміс полькасынсыз ешқандай мереке өтпейді емес пе?! Ал іс-шараның сәнін кіргізген - кішкентай бүлдіршіндер. Жеміс-жидек, көкөніс костюмдерін киген олар өлең оқып, ән айтып, ойыншық атқа мініп би де биледі.

Жамбыл облыстық немістер қоғамының төрағасы Александр Гибнер мен директоры Николай Фаст өз сөздерінде қазіргі таңда жергілікті халық «Erntedankfest»-ті қалай атап өтетініне тоқталып, жиылған қауымға шын жүректен ізгі тілектерін білдірді: «Астық мерекесі көбінесе ауылдарда бар сән-салатанатымен тойланады, алайда қала халқы да бұл мейрамды атап өткенді ұнататынын байқаймыз. Әдетте олар шіркеуге барады, кейін ас дайындап, отбасының барлық мүшелерін бір дастархан басына жинауды әдетке айналдырған. Қаланың орталық алаңында олар концерттер тамашалап, жәрмеңкелерге қатысып, жақсылап атап өтеді. Ал біз өз кезегімізде сіздерге және сіздердің отбасыларыңызға денсаулық, бақ-береке және мол астық тілейміз!»