16 мау, 2021 сағат 14:37

Назарбаева шетелдік инвесторлармен жұмыстың тетіктерін жетілдіруге қатысты пікір білдірді


Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Дариға Назарбаева шетелдік инвесторлармен жұмыс істеу тетіктерін жетілдіруге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Сіздің назарыңызды шетелдік инвесторлармен жұмыс істеу тетіктерін жетілдіру қажеттілігі мәселесіне аударғым келеді. Қазақстан Республикасының шетелдік инвесторлармен арбитраждық даулары отандық экономикаға инвестицияларды тартудың тежеуші факторларының бірі болып саналады. Төрелік процестердің көп бөлігі ашық түрде жария өткізіледі, ал материалдар интернетте көпшілікке қолжетімді болуы нәтижесінде шетелдік БАҚ-та теріс резонанс туындайды, бұл ел үшін бедел тәуекелдерінің тұрақты өсуіне алып келеді. Арбитраждармен жұмыс істеу үшін, оның ішінде мемлекеттік органдардың аралық сот ісін жүргізу орбитасына қатысуын барынша азайту үшін Бас прокуратурада, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінде және Әділет министрлігінде мамандандырылған бөлімдер құрылған. Инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға көмектесу үшін инвестициялық омбудсмен институты құрылды», - деді Назарбаева Премьер-Министр Асқар Маминнің атына жолдаған сауалында. 

Оның айтуынша, осыған қарамастан, Қазақстан Республикасына инвесторлардың төрелік талап-арыздарының саны ұдайы өсіп келеді. Бұл дауларда инвесторлар өздерінің құқықтары мен мүдделерін қазақстандық тарап бұзады деп мәлімдей отырып, халықаралық төреліктерге жүгінетін инвестициялық даулардың үлесі басым. 

«Әрбір арбитражды дау қазақстандық сот және құқық қорғау жүйелері үшін «стресс-тест» болып отырады. Арбитраждар барысында ел экономикасының түрлі салаларындағы мемлекеттік басқарудың жүйелі кемшіліктері анықталады. Олардың қатарына уәкілетті мемлекеттік органдардың жұмыс бағдарламалары деңгейінде инвестордың міндеттемелерін айқындау тәртібі жатады. Өйткені мемлекет инвестицияларды барынша көп тартуға мүдделі болғандықтан, жауапсыз инвесторлар осы жағдайды пайдаланады және үлестес компаниялардан тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді жоғары құны бойынша сатып алу арқылы инвестициялау көлемін жасанды түрде ұлғайтуы мүмкін», - деді депутат. 

Оның сөзіне қарағанда, төрелікке жүгінген кезде жауапсыз инвесторлар жұмыс бағдарламаларында жазылған өздерінің жалған инвестициялары үшін сотқа жүгінеді. Төрелік инвестордың пайдасына шешім шығарған жағдайда, жасанды көтеріңкі сомалар елге борыштық ауыртпалық түсіреді, мемлекет активтері үшін өзге де теріс тәуекелдер жасайды. 

«Баяндалғанның негізінде, инвесторлармен жұмысты ұйымдастыру кезінде шығындарды жасанды арттыруға жол бермеу мақсатында инвестициялық міндеттемелерді (жұмыс бағдарламаларын) орындаудың нақты және ашық тетігін белгілеп, оны бақылауда ұстау ұсынылады. Осы мәселенің маңыздылығын және оның инвесторлар үшін Қазақстан Республикасының инвестициялық тартымдылығын қолдау мен сақтау үшін маңызын ескере отырып, осы мәселе бойынша Үкіметтің ұстанымын ұсынуды сұраймын», - деді Назарбаева.