© Photo: Назарбаев Университетінің Facebook-тағы ресми парақшасынан
Назарбаев университетінің статусы өзгермейді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Үкіметте өткен брифингте журналистер Назарбаев университеті ерекше мәртебесінен айырыла ма деп сұрады.
Министр Назарбаев университетінің статусы "Назарбаев университеті", "Назарбаев зияткерлік мектептері" және "Назарбаев қоры" мәртебесі туралы бөлек заңмен айқындалғанын атап өтті.
"Бірден айтайын, біз бұл заңды алып тастамаймыз да, өзгертпейміз де. Біздің міндетіміз – осы университеттің әлеуетін сақтап қалу. Бұл аз ғана толыққанды зерттеу университеттерінің бірі. Қазір университет төңірегінде оқу құны туралы өте көп қауесет тарап жатыр. Шын мәнінде олардың бәрі шындыққа жанаспайтынына сендіргім келеді. Бұл – өте мықты зерттеу университеті. Сондықтан оның мәртебесіне қатысты өзгеріс болмайды", - деп жауап берді Саясат Нұрбек.
Министр заңға өзгерістер енгізілгенін, қамқоршылық кеңесі және жоғары қамқоршылық кеңсі құрылғанын атап өтті. Айтуынша, премьер-министр жоғары қамқоршылық кеңесін басқарды.
"Қазір қаржылық сауықтыру, зерттеу әлеуетін күшейту бойынша шаралар қабылданады. Өйткені керемет база, инфрақұрылым, зертханалар бар. Енді осыны толыққанды пайдалану қажет. Сол себепті қандай да бір түзету шаралары міндетті түрде болады, бірақ жалпы университеттің статусы мен бағытын өзгертпейміз", - деді Саясат Нұрбек.