Ыстамбұлда Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі (Түркі кеңесі) көшбасшыларының VIII саммиті басталды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев саммит қатысушыларына үндеу жасады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Құрметті мемлекет және үкімет басшылары, қымбатты достар! Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің 8-ші саммитіне қатысушыларға ыстық сәлемімді жолдаймын.
Президент Реджеп Таийп Ердоғанға бүгінгі кездесуге түркі кеңесінің құрметті төрағасы ретінде қатысуға шақырғаны үшін шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Биыл көктемде менің бастамаммен өткен түркі кеңесінің бейресми онлайн саммитіне қатысқандарыңыз үшін алғысым зор. Сіздердің шешімдеріңіз бойынша Түркістан қаласы түркі әлемінің рухани астанасы мәртебесіне ие болды. Жуырда сол қалада түрік тілдес мемлекеттер парламенттік ассамблеясының 10-шы мерейтойлық сессиясы сәтті өтті. Алла қолдаса болашақта қасиетті Түркістанға сіздердің де жолдарыңыз түседі деп сенемін.
Қадірлі саммитке қатынасушылар елдеріңіздің егемендігін ең алғаш бауырлар Түркияның танығаны біздің халықтарымыздың есінде мәңгілік сақталады. Бұл белеске барша түркі елдерінің тарихи жетістіктері мен жеткені біз үшін зор мақтаныш. Сонымен қатар, мемлекеттеріміз алдарына жаңа өршіл ұлттық даму мақсаттарын қойып отыр.
Президент Ильхам Ильдарұлы Әлиевтің басшылығымен қарқынды дамып келе жатқан Әзербайжан өзінің аумақтық тұтастығын қайта орнықтыруына бір жыл толғанын атап өтті. Бұл - бәріміз үшін қуаныш. Қарабақта ауқымды қарқынды қалпына келтіру жұмыстарын бастады.
Президент Садыр Жапаров республикада күрделі саяси реформалар жүргізуші қолға алып, Қырғызстанның 2020 жылға дейінгі ұлттық даму бағдарламасын орындауға кірісті.
Президент Реджеп Таийп Ердоған 2023 жылы Түркия республикасының 100 жылдығы қарсаңында елін жаңа жетістіктерге жетелеп келеді. Президент Шавкат Мирзиеевті Жаңа Өзбекстан стратегиясы бағдарламасын ұсынып, жуырда өткен мемлекет басшысы сайлауында айқын жеңіске жетуімен тағы да шын жүректен құттықтаймын.
Еске салсақ, Қазақстан Президенті екі күндік жұмыс сапарымен Түркияға келді.
«Цифрлық дәуірдегі жасыл технологиялар мен ақылды қалалар» тақырыбына арналған саммитке Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстан президенттері, сондай-ақ Мажарстан Премьер-Министрі мен Түркі кеңесінің бас хатшысы қатысады деп жоспарлануда.