12 сәу, 2018 сағат 12:18

Назарбаев шетелде оқып жатқандар туралы: Келеді еліне, қазақ басқа жерде тұра алмайды

Бүгінде 70 мың қазақстандық жас азамат шетелде білім алып жатыр. Олар келеді еліне, қазақ басқа жерде тұра алмайды. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша қазақ тіліне аударылған 18 кітаптың салтанатты тұсаукесер шарасында мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Жаңа дәуірдің ең басты қажеттілігі кемел білім болып отыр. Білімі дамыған ел ғана өркендейді, басқасы артта қалады. Сондықтан, тәуелсіздіктің бірінші күнінен бастап, қаражат жоқ кезде, зейнетақы мен жалақыны төлемей жатқан кезде жастарды қыруар ақша төлеп, шетелге неге жібердім? Қазір ата-аналар да жіберіп жатыр, бүгінде шетелдегі неше түрлі университеттерде 70 мың қазақ баласы оқып жатыр. Келеді еліне бәрібір. Қанша айтқанмен, қазақ басқа жерде тұра алмайды», - деп сенім білдірді Елбасы.

Назарбаев ел жастарының «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдік оқу орындарында білім алуы үшін мемлекет тарапынан қомақты қаражат бөлініп жатқанын да еске салды.

«Сол «Болашақ» арқылы бітіріп келген қыз-жігіттер қазір әр салада жұмыс істеп жатыр. Оған мемлекеттен қаражат көп шығады. Оның қаншалықты тиімді екенін де біз тексеріп жатқан жоқпыз. Оның үстіне, оқып келгендердің ішінде барлығының білім сапасы 100 процент жақсы деп айтуға болмайды. Сондықтан, еліміздегі жаңадан құрылған университет ешбір дүниежүзілік университеттен кем емес. Мен оған өз атымды қоюға рұқсат бердім, басқаға ылғи қарсы болатынмын, себебі, бұл білім деген мәселе, оған мемлекеттің барлығы көңіл аударсын дедім. Біздің зияткерлік мектептеріміз, оған қосылатын «Мирас» қазір дүниежүзілік сертификат алды. Енді, ол мектеп өрендері бітірген бағасымен әрбір университетке оқуға түсе алады. Екіншіден, біздің университеттерге абитуриенттер дайындайды. Керемет қой», - деп тамсанды Мемлекет басшысы.