15 мам, 2018 сағат 17:32

Назарбаев Орал қаласындағы орталық алаңға барды

Қазақстан Президенті Орал қаласының орталық алаңын аралап көргеннен кейін, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының іске асырылу барысымен және қаланы одан әрі дамыту жоспарымен танысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысына ескі үйлерді бұзып, орнына жаңа үй салу, сондай-ақ әлеуметтік сала нысандарының құрылысына инвестиция тарту барысы жөнінде мәлімет ұсынылды.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаевқа «Ақылды қала» тұжырымдамасы аясындағы жобалардың іске асырылуы туралы баяндалды.

Елбасы, сондай-ақ, өңір жұртшылығымен кездесті. Онда тұрғындар Мемлекет басшысына қабылданған «Бес әлеуметтік бастама» үшін алғыс білдірді.

Қазақстан Президенті елімізде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік бағдарламалар қоғамның, әсіресе жастардың, мейлінше өзекті проблемаларын шешуге бағытталғанын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан қоғамында бейбітшілік пен келісімді сақтаудың маңыздылығына тоқталып, еліміздің қарқынды экономикалық дамуы үшін өңірлік және халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың мәні зор екенін айтты.

Әңгімелесу соңында Елбасы облыс тұрғындарына табыс пен бақ-береке тілеп, Қазақстанды өркендету ісіне белсенді атсалысуға шақырды.