Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кетер алдында, президенттіктен бас тарту туралы шешімін алғашқы болып қай елдің басшысына хабарлағанын айтты.
"Мұндай хабарды жарияға жар сап, жан-жаққа таратуға болмайды. Әуелде ешкімге айтпап ем. Тек сол күні таңертең, бәрібір де үлкен көршіміз ғой деген оймен, Путинге телефон соқтым. Ол таңғалысын жасырмады. "Бүгін кешке жариялаймын, сіз менің өз аузымнан естісін деп шештім" дедім. Болды. Қалған мемлекет басшылары білген жоқ. Оның үстіне бұл шешімді мен бұрынырақ, 2015 жылы қабылдаған едім. 75 жасым өткен соң, осымен тәмам, бұл барьер деп шештім", - деді Назарбаев "Штрихи к портрету" деректі фильмінің 5-ші бөлімінде.
Деректі фильм кезінде Назарбаев 2011 жылы наурыз айында болған оқиғаны еске алды. Ол концертте отырған, концерт аяқталған кезде орнынан тұрып, аяғын баса алмай қалған. Күзетшіні шақырып, балдақ сияқты оның қолынан ұстап алып, көптің көзіне көрінбей, ақырындап шығып кеткен. Бұдан соң дәрігерге қаралды.
Нұрсұлтан Назарбаевқа 2011 жылы омыртқасына ота жасалған. Елбасы отставкаға кету туралы шешім қабылдауға осы ота да әсер еткенін мәлімдеді.
Айта кетейік, 2019 жылы наурызда Нұрсұлтан Назарбаев өз еркімен отставкаға кететінін мәлімдеген болатын.