Фото: Президент іс басқармасы
Астанадағы Назарбаев кітапханасы енді орталық ретінде жұмыс істейді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі ҚР Президенті іс басқармасына сілтеме жасап.
«Мемлекеттің алғашқы тұлғаларының тарихи мұрасын сақтау — әлемдік тәжірибе. Аталған дәстүр президент орталықтары мен кітапханалардың қызметінде көрініс тапты. Тарихи-мемориалды мекемелер АҚШ, Франция, Түркия, Қытай, Малайзия, Әзербайжан және әлемнің басқа елдерінде бар. Олар мұрағат, кітапхана және мұражай функциясын біріктіре отырып, ұлт көшбасшыларының қызметіне қатысты құнды деректерді, кітап, киім артефактілерін сақтайды», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ ҚР Президенті іс басқармасы АҚШ-тың тәжірибесін келтірген. 1955 жылғы Президенттік кітапханалар туралы заңға сәйкес америкалық президенттердің мұрасын сақтау миссиясын жүзеге асыратын 15 мекеме жұмыс істейді екен. Ең танымалы — Нью-Йорктегі Франклин Рузвельт, Бостондағы Джон Кеннеди, Калифорниядағы Рональд Рейган кітапханалары.
«Жалпы әлемдік дәстүрге сүйене отырып елімізде ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасының базасында Тәуелсіз Қазақстан көшбасшыларының тарихи мұрасын сақтаумен, зерделеумен және ілгерілетумен айналысуға арналған Президенттік орталық құрылды. Онда Қазақстан президенттігі институтына қатысы бар жәдігерлер орталықтандырылған түрде сақталады. Жаңадан құрылған орталыққа экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке мұрағаты мен жеке кітапханасының материалдары, сондай-ақ бұрын тұңғыш Президент кітапханасында сақталған мұражай экспонаттарының жинағы берілді. Бүгінгі таңда қорда 150 мыңнан астам мұрағат құжаттары, 40 мың кітап және 12 мың мұражай заттары бар», — дейді басқармадан.
Ресми ақпаратта айтылғандай, болашақта жаңа орталыққа тарихи-мәдени құндылығы бар жеке құжаттар мен қазіргі Президенттің керек-жарақтары да беріледі. Алдағы уақытта Қазақстанның келесі президенттерінің қызметі туралы тиісті материалдар жинақталады.
«Орталықта Қазақстан көшбасшыларының құжаттарымен қатар тәуелсіздік тарихына қатысты материалдарды жинау, жүйелеу және зерделеу жоспарланып отыр. Осылайша Президент орталығы Қазақстанның қазіргі саяси тарихына арналған ірі тарихи-мемориалды, ғылыми және мәдени-ағарту орталығына айналуды мақсат етіп отыр», - деп түсіндірілген хабарламада.
Басқарма мәліметіне сүйенсек, Президент орталығының кітапханасы да қызығушылық туғызады, онда президенттік институт, мемлекеттік құрылыстың теориясы мен практикасы, Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің мемлекеттілік тарихы бойынша ғылыми және мерзімді басылымдар шоғырланады.
Сонымен қатар әлемнің жетекші кітапханаларының нысаналы қорына қашықтан қол жеткізуге болады.
Ғалымдар мен студенттер Президент орталығынан диссертациясы мен ғылыми зерттеулері үшін осы тақырыпта сирек кездесетін және бірегей материалдарды таба алады.
«Бұл ретте орталықтың қызметі көрсетілген бағыттармен шектелмейді. Ол біздің қоғамды толғандыратын өзекті мәселелерді талқылау үшін жетекші сараптамалық алаңға айналуға тиіс. Өскелең ұрпаққа білім беру және тәрбие жұмысына көп көңіл бөлінеді. Орталық республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Бүгінде штат саны мен қаржыландыру сомасы қаралып жатыр», - дейді басқармадан.