Фото: ашық дереккөз
Владимир Путин Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлесіп, 9 мамыр — Жеңіс күні кезеңінде бітім жариялауға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың айтуынша, әңгіме 1,5 сағаттан астам уақытқа созылған.
Путин Трампқа оған жасалған қастандық әрекетіне байланысты қолдау білдіріп, бұл қылмысты қатаң айыптаған.
"Трамп Ресей жариялаған Пасхадағы уақытша бітімді оң бағалаған. Осыған байланысты Путин Жеңіс күні мерекесі кезінде де бітім жариялауға дайын екенін жеткізді", — дейді Ушаков.
"Трамп бұл бастаманы белсенді түрде қолдады", — деп қосты ол.
Сондай-ақ Ушаковтың сөзінше, Трамп Украинадағы қақтығысты реттеу бойынша келісімге қол жеткізу жақын екенін айтқан.
Путин өз кезегінде Трампқа майдандағы жағдай туралы баяндап, "ресейлік әскерлер қарсыласты ығыстырып жатыр" деп мәлімдеген (Ресей Украинаға қарсы соғысты "арнайы әскери операция" деп атайды).
Әзірге Трамп бұл телефон әңгімесіне қатысты ресми пікір білдірген жоқ.
