Президент Нұрсұлтан Назарбаев "Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі жаңа оқулық" жобасы аясында шыққан алғашқы оқулықтардың тұсаукесерінде бұл бастаманың маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" бағдарламасының бірнеше бағытын орындап келе жатырмыз. Онда бес сала қамтылған. Соның ішіндегі ең маңыздысының бірі — жүз кітапты қазақ тіліне аудару. Бұрын-соңды мұндай болған емес. Менің жұмыс столымда кітаптың бәрі жатыр", — деді тұсаукесерде Назарбаев.
Мемлекет басшысы бұл кітаптарды өзі оқығанда қолға тимеген құндылық екенін атап өтті.
"Президент болып қызмет еткен жылдары соның бәрімен біліп-таныстық. Ғылым салалалары, психология, тілдің тарихы жөнінен біз еш уақытта танысқан емеспіз. Қазір ағылшын тілінде жастарымыз оқыған шығар. Бірақ қазақтың баласы таныспаған. Бір жағынан қазақ тілін байытып, екінші жағынан білімді одан әрі тереңдетеміз деген үмітіміз бар", — деді Елбасы.
Айта кетсек, Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" атты бағдарламалық мақаласының жарияланғанына бір жыл болды. Осы мақалада президент әлемдегі ең үздік жүз кітапты қазақ тіліне аударуды тапсырған еді.
Бүгінде алғашқы 18 кітап пен оқу құралы жарыққа шығып отыр. Оқулықтар философия, әлеуметтану, психология, тіл білімі, экономика, менеджмент, дінтану, антропология, журналистика бағыттары бойынша аударылған.
Оқулықтардың әрқайсысы 10 мың данамен басылып, алдағы бір айда жоғары оқу орындары мен кітапханаларға тегін таратылмақ.
Алғашқы оқулықтардың ішінде Дерек Джонстонның «Философияның қысқаша тарихы. Сократтан Дерридаға дейін»; Энтони Кеннидің «Батыс философиясының жаңа тарихы. Антика философиясы» І-томы және «Батыс философиясының жаңа тарихы. Орта ғасыр философиясы» ІІ-томы; Реми Хесстің «Философияның таңдаулы 25 кітабы»; Дэвид Бринкерхоф, Роуз Уейтс, Сюзан Ортеганың «Әлеуметтану негіздері»; Джордж Ритцер, Джеффри Степницкидің «Әлеуметтану теориясы»; Эллиот Аронсонның «Көпке ұмтылған жалғыз. Әлеуметтік психологияға кіріспе»; Дуэйн Шульц, Сидней Эллен Шульцтің «Қазіргі психология тарихы»; Дэвид Г. Майерс, Жан М. Туенждің «Әлеуметтік психология»; Н. Грегори Мэнкью, Марк П. Тейлордың «Экономикс»; Дональд Ф. Куратконың «Кәсіпкерлік: теория, процесс, практика»; Рикки У. Гриффиннің «Менеджмент»; Карен Армстронгтың «Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны»; Виктория Фромкин, Роберт Родман, Нина Хайамстың «Тіл біліміне кіріспе»; Светлана Тер-Минасованың «Тіл және мәдениетаралық коммуникация»; Алан Барнардтың «Антропология тарихы мен теориясы»; Клаус Швабтың «Төртінші индустриялық революциясы» бар.