21 мам, 2021 сағат 17:40

Назарбаев ЕАЭО жұмысына Шанхай ынтымақтастық ұйымын тартуды ұсынды


Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің Құрметті төрағасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ЕАЭО жұмысына Шанхай ынтымақтастық ұйымын тартуды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кейбір елдер өз ішінде тұйықтала бастады. Мемлекетаралық қарым-қатынастар нашарлап, сауда бәсеңдеді, өзара кедергілер көбейді. Біз жаһандық сипаттағы әрі сыртқы спецификалық қысымдармен байланысты қиындықтардан өттік. Біздің одақтың жекелеген қатысушылары сол сынақтардың нысанына айналған кездер болды. Біздің интеграцияның тығыз іске асуын қаламайтын күштер бар. Ондай уәждерге берілуге болмайды», - деген Елбасы бірнеше бағытқа көңіл бөлудің маңызды екенін атады. 

«Біріншісі – әлеуметтік инфрақұрылым. Жақын жылдарда дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың нарығын толық құру қажет. Екіншісі – азық-түлік қауіпсіздігі мен агроөнеркәсіп саясаты. Бұл бағыттағы кооперацияны жеделдетіп, азық-түлік тапшылығына жол бермей, бүкіл кеңістікте бизнестің дамуына мүмкіндік жасау керек. Сарапшылардың айтуынша, бұл жылдары банктерде қалыптасқан 10 триллиондық инфляция жалпы инфляция туындататыны анық», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Тұңғыш Президент ЕАЭО әлеуетін Еуропа мен Азия нарығының арасындағы көпір ретінде пайдалану ұсынысы әлі өзекті екенін атады. 

«Біздің одақта өз аумағымыздағы елдердің тұрғындарын қамтамасыз ету үшін бәрі бар. Тек дұрыс жоспарлап, дұрыс кооперация жасап, дұрыс байланыс орнату арқылы өз аумағымызда бар дүниемен өзге елдерді қамтамасыз етуіміз керек. Жуықта азық-түлік тапшылығын міндетті түрде сезінеміз. Сыртқы байланыстар маңызды. Бұған дейінгі отырыстарда айтқанымыздай, Еуропа мен Азия нарықтарының сауда көпірі жобасын іске асырып, бұл іске Шанхай ынтымақтастық ұйымын да кірістіруіміз керек», - деді Елбасы.