Соңғы бес жылда ЕАЭО елдерінің өзара сауда айналымы 21 пайызға өскен, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бұл туралы Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің Құрметті төрағасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
«29 мамырда Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімшартқа біздің елдің астанасында қол қойғанымызға 7 жыл толады. Бүгінде бірлесіп күш жұмсаудың арқасында ЕАЭО әлемнің экономикалық архитектурасынан жүйелі орын алғанын әсірелеусіз айтуға болады. Соңғы бес жылда елдеріміздің өзара саудасы 21 пайызға өсіп, 2020 жылы 55 млрд долларға жетті. Бұл - дағдарыс жағдайындағы көрсеткіш. Әйтпесе біз одан да үлкен жетістіктерге жете аламыз», - деді Елбасы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында.
Нұрсұлтан Назарбаев пандемия жағдайында одақ аясындағы байланыстардың беріктігі сынақтан өтіп жатқанын еске салды.
«Коронавирус пандемиясымен келген экономикалық дағдарыс біздің интеграциялық бірлестігіміздің беріктігінің сынағына айналды. Қауіпсіздік мәселесі бірінші орынға шығып отыр. Бұл азық-түлік, дәрі-дәрмек, цифрлық және қаржылық инфрақұрылым сияқты бірнеше саланың кең ауқымын қамтиды», - деді Елбасы.