21 қаз, 2021 сағат 23:14

Назарбаев бұрын-соңды ешкімге айтпаған сырын бөлісті – видео



Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа 2011 жылы ота жасалған. Бұл туралы Елбасы "Штрихи к портрету" деректі фильмінің 5-ші бөлімінде айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.


"Мен қазір бұрын-соңды ешкімге айтпаған дүниені бөлісемін. Бұл сен үшін сенсация болады. Менің омыртқама, арқама операция жасалды. Өте күрделі операция", - деді Назарбаев сұхбат барысында.


Айтуынша, оның денсаулығы 2011 жылы 8 наурызда сыр берген.


"Концертте отырған едік. Концерт аяқталды, орнымнан тұрдым, аяғымды баса алмай қалдым. Күзетшіні шақырып, балдақ сияқты оның қолынан ұстап алып, көптің көзіне көрінбей, ақырындап шығар дедім. Зал адамдарға лық толы. Солай шықтым, дәрігерге қаралдым. Сөйтсем, проблема омыртқамда екен", - деп еске алды Тұңғыш Президент.


Осыдан кейін операция жасап, емделіп шыққан. Қазір, оның айтуынша, барлығы жақсы.


"Науқас президент елді басқара алмайды. Сенің жағдайың сондай болса, оған елдің қатысы қандай, ол зардап шекпеуі керек. Осылай жүріп, адамдармен кездесіп, 350 кездесу өтті, түсінесіз бе? Мұндай денсаулықпен қалай жалғастырасың. 2011 жыл болатын. Содан кейін тағы қалпына келтіруге тура келді. Ауыр операция болды. Жақсы, тәжірибелі хирург кездесіп, бәрі аяқталды", - деді Назарбаев.

Елбасы отставкаға кету туралы шешім қабылдауға осы ота да әсер еткенін мәлімдеді.


"Мен бұл жайлы ешқашан айтқан емеспін, мені кешірсін, әрине. Қалай айтасың? Жұмыс істеу керек болды, кету керек болды. Мен кетуге дайын емес едім, өйткені ізбасар мәселесі шешілген жоқ. Міне, ақыры сондай шешім қабылдадым, екі жылдан аса уақыт өтті. Дұрыс деп санаймын. Өкінбеймін", - деді Назарбаев.


Айта кетейік, ​"Штрихи к портрету" – Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен қызметіне арналған көп сериялы деректі фильм. Фильм Елбасымен эксклюзивті сұхбатқа негізделген. Алғашқы бөлім 1 желтоқсанда, Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні жарық көрді. Бүгінге дейін фильмнің төрт бөлімі шықты.