22 қыр, 2022 сағат 16:55

Назарбаев бейнеленген 20 мыңдық банкноттар айналымда қала ма?


Ұлттық банк өкілдері Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған номиналы 20 000 теңгелік ескерткіш банкноттың қолма-қол айналымда қалуына қатысты жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz.

Нұрсұлтан Назарбаевтың портреті бар номиналы 20 000 теңгелік мерейтойлық банкнот 2021 жылғы 1 желтоқсанда шектеулі таралыммен айналымға шығарылған, ол ескерткіш банкнот саналады. Ұлттық банк деректері бойынша, ҰБ шығарған купюралардың қолма-қол ақша айналымындағы үлесі айналымдағы (әдеттегі) банкноттармен салыстырғанда (айналымдағы банкноттардың бір пайызынан кем) аз.

"Мерейтойлық және ескерткіш банкноттардың айналым мерзімі белгіленбейді. Бұл банкноттар заңды төлем құралы және олардың табиғи түрде ескіруіне қарай ақша айналымынан алынады. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған номиналы 20 000 теңгелік мерейтойлық банкноттарды айналымнан алу жоспарланып отырған жоқ. Олар барлық басқа естелік банкнот сияқты төлемдердің, банк операцияларының және аударымдардың барлық түрі бойынша қабылданады", - деп мәлімдеді Ұлттық банк өкілдері.

Ұлттық банк өкілдері "20 мың теңгелік банкноттың жаңа үлгісі әзірлене ме" деген сұраққа пікір білдірді.

"Ұлттық банк ұлттық валютаның жалғыз эмитенті бола отырып, банкноттар мен монеталар номиналдарының құрылымын айқындайды, сондай-ақ, айналыстағы банкноттардың тиісті сапасын қамтамасыз етеді. Жаңа технологиялар дамыған сайын популяцияны ажырату қиын болатын жалған ақша белгілерінің пайда болу ықтималдығы артады.

Осыған байланысты Ұлттық банк ұлттық валютаның ақша белгілерінің қорғаныш қасиеттерін күшейту бойынша тұрақты жұмыс жүргізеді және қолдан жасаудан барынша қорғалған банкноттарды шығарады. Шығаруға бекітілген банкноттар мен монеталардың негізгі сипаттамалары мен дизайны туралы ақпарат Ұлттық банктің ресми сайтында жарияланады", - деп толықтырды ведомство өкілдері.

Сондай-ақ, банк өкілдері мұндай банкноттарды қабылдаудан бас тартқан жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 206-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделетінін айтты.