Ұлттық банк Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова мұнай бағасының төмендеуіне негіз болған себептер мен мұнай құнының динамикасы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Наурызда мұнай бағасының құбылмалылығы айтарлықтай күшейді. Егер алдыңғы төрт ай ішінде Brent бағасы өсіп, өткен жылдың қазанынан бастап жалпы алғанда 77% қосылса, наурызда түзеліп, бағалар бір баррель үшін 63,54 АҚШ долларына дейін 3,9%-ға төмендеді», - дейді Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова.
Оның айтуынша, наурыздың басында Сауд Арабиясы тарапынан өндіруді ерікті түрде күніне 1 млн баррельге қысқартуды бір мезгілде ұзарта отырып, сәуірде өндіру көлемінің деңгейін сақтау жөніндегі ОПЕК+ шешіміне байланысты оң сентимент жалғасты.
«Сонымен қатар, АҚШ экономикасын қолдау шараларының топтамасын мақұлдау, бензин қорының төмендеуінен көрінетін АҚШ-тағы мұнай өнімдеріне сұраныстың өсу белгілері наурыздың ортасына дейін мұнай бағасын ең жоғары деңгейде ұстап тұрды. АҚШ-тағы мұнай қорының өсуі туралы жаңалықтар вакцина егу бағдарламаларының баяулауымен және Еуропада қосымша карантиндік шектеулердің енгізілуімен бірге айдың екінші жартысында мұнай бағасының наурыз бойы өсуін төмендетуге мәжбүрледі», - дейді ол.
Мәселен, кейбір Еуропа елдері ықтимал жанама әсерлерге қатысты қауіптенуге байланысты AstraZeneca вакцинасын қолдануды тоқтатты, ал Германия 18 сәуірге дейін шектеу шараларын ұзартатыны туралы хабарлады.
«Әлемдік өңделмеген мұнай саудасының оннан бір бөлігі өтетін Суэц каналының бұғатталуы мұнай жеткізудің тоқтап қалуына әкеліп, баға белгілеуге уақытша қолдау көрсетті. Алайда, оқиға қысқа мерзімді сипатта болып, жалпы теріс серпінді өзгертпеді. Қазіргі жағдай екіұшты болып қалуда», - дейді Әлия Молдабекова.