31 нау, 2022 сағат 15:20

Годунова: Ауылды қойып, астананың өзінде интернет жетпей жатқан жерлер бар


Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова «Қазақтелеком» компаниясына жүргізілген мемлекеттік аудит туралы мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Квазимемлекеттік секторға тексеру жүргізген кезде «Қазақтелекомға» мемлекеттік аудит жасалды. Бұл жерде біз екі стратегиялық проблема көріп отырмыз. Ауылдардың көбінде интернет жоқ. Салдарынан республика аумағында балалардың бәрі бірдей деңгейде білім алуын қамтамасыз ете алмаймыз. 

Екіншіден, интернет жоқ жердегі халыққа облыс орталықтарының тұрғындары емін-еркін алатын мемлекеттік қызметтерді көрсете алмаймыз. Әрі кетсе аудан орталықтарында, коммуникацияларға жақын орналасқан кенттерде ғана ондай мүмкіндік бар», - деді ол «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының аралық нәтижесін талқылаған жиында.

Сондай-ақ ол байланыс операторларының пайдакүнемдігінің кесірінен астананың өзінде интернет жоқ жерлер бар екенін айтты.

«Тіпті астананың өзінде, Алматы ауданында, кейбір кенттерде интернет жоқ. Операторлар ол жерлерге интернет тартудың табысы аз екенін айтады. Бірақ операторлардың бұдан басқа табысы өте жоғары жобалары бар ғой. Табысты сол жобалардың есебінен толтыруға болады. Интернетпен жабдықтау көлемі 100 пайыз болуы керек. Министр дұрыс айтып отыр. Оның үстіне «Қазақтелекомның» 51 пайызына мемлекет иелік етеді. 

Қазір ұялы телефон арқылы мемлекеттік қызмет алатын кезге жеттік. Ал ауылдағылар әлі күнге дейін мекенжай анықтамасын алу үшін 100 шақырым жердегі аудан орталығына барып жүр», - деді Наталья Годунова.