06 қыр, 2024 сағат 14:47

Нашақорлық пен есірткіге қарсы күрес қалай жүріп жатыр?


Фото:gov.kz
Нашақорлық. Бұл – ұлт саулығына зор қауіп төндіретін кесел. Есірткі жастардың жанын да, тәнін де улап жатыр. 

«Біз есірткіні қолданудың, дайындаудың және таратудың жолын кесіп, тамырына балта шабуға тиіспіз. Әйтпесе, бүкіл еліміздің болашағы бұлыңғыр болады. Бұл мәселе мені қатты алаңдатады. Химиялық есірткілер нарықта кең ауқымда сатылуда. Криминалдық топтар жастарды осындай заңсыз әрекеттерге тартып жатыр», - деді Президент. 


Ұлт саулығына зиянын тигізетін тағы бір кесел – вейп және түрлі электронды темекілер. Өкінішке қарай, оны тарту жасөспірімдер арасында сәнге айналып кеткен еді. Себебі электронды темекі бәріне қолжетімді, оның зиянсыздығы туралы түрлі жарнамалар да көбейіп кетті. Іс жүзінде, жастарымыз өзіне зор қауіп төндіруде. Себебі бұл – шын мәнінде, зиянды нәрсе. Вейп пен есірткінің арасы бір-ақ қадам. Мемлекет басшысы осы қауіпті үрдіспен күресу үшін жүйелі және шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.  

Нәтижесінде тиісті заң қабылданды. Вейптерді сатуға және таратуға тыйым салатын заң осы жылдың сәуірінде күшіне енді. Қазақстанның барлық өңірлерінде ашық сатылатын вейп дүкендері жабылды. Заңсыз сату әрекеттерінің алдын алу мақсатында әлеуметтік желідегі аккаунттар тексеріліп жатыр. Егер заңбұзушылық анықталса, қылмыстық жауапкершілік көзделген:

- вейптерді сату және тарату – 200 АЕК дейін айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 50 тәулікке дейін қамауға алу;
- әкелу және өндіру – 2000 АЕК дейін айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру;
- егер бұл әрекеттерді қылмыстық топ жасаса, 5000 АЕК дейін айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 1200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 5 жылға дейін бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру.

Елімізде 2016 жылдан бері есірткімен күрес жұмыстарын реттейтін арнаулы құжат болған жоқ. Сондықтан Президент былтырғы Жолдауында кешенді жоспар әзірлеуді тапсырды. Үкімет осы мәселе бойынша арнайы жоспарды қабылдады.

Бұл – өте маңызды құжат. Осы құжаттың аясында жан-жақты жұмыс атқарылып келеді. 

2021 жылы Қазақстанда есірткімен күрес бойынша заңнамалық база жетілдірілді. Есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысты қылмыстық жауапкершілікті күшейтуге бағытталған бірқатар өзгерістер енгізілді. Құқық қорғау органдарының өкілеттіктері кеңейтіліп, есірткі тасымалы мен таралуын қадағалау үшін арнайы бөлімдер құрылды. Интернет арқылы есірткі сатуды бақылау шаралары күшейтілді. Цифрлық платформалар мен әлеуметтік желілерде есірткі жарнамасына қарсы арнайы мониторинг және алдын алу іс-шаралары енгізілді. Бұл интернет арқылы есірткі таратушыларды анықтау мен қылмыстық жауапкершілікке тарту мүмкіндіктерін арттырды.

Мектептер мен ЖОО-ларда ақпараттық науқандар жүргізілді. Бұл науқандар жастар арасында есірткі заттарының зияны туралы хабардарлықты арттыруға бағытталған. Білім беру мекемелерінде нашақорлықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары күшейтілді.

Медициналық орталықтар мен әлеуметтік қызмет көрсету мекемелерінде нашақорлықты емдеу және оңалту бағдарламалары күшейтілді. Атап айтқанда, есірткіге тәуелділікті емдеу үшін психологиялық және медициналық көмек көрсететін арнайы орталықтар саны көбейтілді.

Есірткі тасымалына қарсы халықаралық ынтымақтастық күшейтілді. Орталық Азия аймағындағы көрші елдермен бірлесе отырып, трансұлттық есірткі саудасына қарсы бірқатар бірлескен операциялар жүргізілді.

2023-2024 жылдары Қазақстан құқық қорғау органдары есірткінің заңсыз айналымына қатысты көптеген операциялар өткізді, нәтижесінде бірнеше есірткі желісі жойылып, ірі көлемде есірткі заттары тәркіленді.

Саясаттанушы Талғат Жанысбайдың пікірінше, есірткі айналымына байланысты шекара қызметін күшейту керек.

«Себебі қазіргі таңда есірткінің ашық түрлері емес, синтетикалық есірткінің түрлері қарқынды елімізге кіріп жатыр. Әсіресе синтетикалық есірткіге тәуелді болып жатқан жастарымыздың саны жылдан жылға көбейіп барады. Құзырлы органдар олардың жолдарын кессе де, алаяқтар мен осы істің шеберлері жаңа алауан түрлерін тауып жатыр. Әсіресе әлеуметтік желі арқылы есірткі сату кең тараған. Жеткізу қызметтері де әр түрлі әлемжелідегі акаунттар арқылы жүзеге асып жатыр. Сондықтан тиісті органдар жұмыстарын бұрынғыдан да күшейту керек», - деді сарапшы. 


2019 жылы Қазақстанда есірткімен байланысты 10 000-ға жуық қылмыстық іс тіркелген. Бұл көрсеткіш 2020 жылы біршама төмендеді, бірақ 2021 жылы қайта өсіп, 8 500-ден астам есірткіге қатысты құқық бұзушылықтар анықталды. 2022 жылы есірткіге қатысты 9 000-нан астам қылмыстық іс тіркелді. 2023 жылы есірткі тасымалы және сатылымы бойынша 9 500-ге жуық іс қозғалды. Осы жылы интернет арқылы есірткі сату фактілері бойынша ашылған қылмыстық істер саны айтарлықтай өсті.

Соңғы жылдары Қазақстанда тәркіленген есірткі заттарының көлемі тұрақты түрде артып келеді. 2022 жылы құқық қорғау органдары шамамен 2 тонна есірткі тәркіледі, оның ішінде синтетикалық есірткілердің үлесі артты.

2023 жылы Қазақстанда 2,5 тоннаға жуық есірткі заттары тәркіленді, оның ішінде героин, марихуана, және синтетикалық есірткілер бар. Әсіресе синтетикалық есірткінің интернет арқылы таралуы басты мәселе.

Соңғы бес жылда нашақорлықпен ауыратындар саны шамамен 25 мың адамды құрады. Сондай-ақ жастар мен жасөспірімдер арасында есірткіге тәуелділікке қарсы күрес ерекше назарда.  2021 жылы мектептерде және ЖОО-ларда 1000-нан астам профилактикалық шаралар өткізіліп, жастар арасында есірткінің зияны туралы ақпараттандыру жұмыстары күшейтілді.