28 қаң, 2017 сағат 10:59

М.Жолдасбеков: Президентке жалтақтап, «Сіздің тапсырмаңызбен» деген сияқты сөздерді қою керек

Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтың айтуынша, Үкімет пен Парламенттің жауапкершілігін күшейтетін уақыт жетті. Әркім өз міндетін орындау керек. Әсіресе, министрлерге Президентке жалтақтап, «Сіздің тапсырмаңызбен...» деген сияқты сөздерді қою керек. Бұл туралы профессор билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесі әңгіме арқауы болған Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің отырысында айтты, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі Baq.kz порталына сілтеме жасап.

«Жалпы, осыны көп шулатудың керегi жоқ деп ойлаймын. Өйткенi, Елбасы ненi болса да, пiсiрiп-жетiлдiрiп келiп, халыққа жариялайды. Шынында да, алғашқы кезде әркiм өз бетiмен жан-жаққа шапқылап кететiн кезде, қауiп болды. Сондықтан билiк тұтас бiр қолда болуы керек едi, шашыратпау керек болатын. Ендi жайлап 25 жылдан кейiн билiктi өкiлеттi органдарға бөлiп-бөлiп беру керек. Бiрақ бөлгенде де, бәрiбiр бiз президенттiк басқарудың мемлекетi болып қаламыз», - деді М.Жолдасбеков.

Профессордың айтуынша, билікте отырғандар жалтақтап Президентке қарап отырмай, өз міндетін білуі керек.

«Ендi, мәселен, жұрттың бәрi жалтақтап Президенттiң аузына қарап, «осы кiсi не айтады» деп отырмау керек. Министрлердiң өзi бала сияқты болып, «сiздiң тапсырмаңызбен», «сiздiң тапсырмаңызды орындау үшiн» деген сияқты сөздердi қою керек. Әркiм өз мiндетiн орындау қажет», - дейді ол.

Сондай-ақ, қоғам қайраткерінің пайымдауынша, Президент үкіметке өзінің өкілеттіктерінің бір бөлігін бере отырып, оларды сынайын деп отыр.

«Президент әлеуметтiк-экономикалық бiраз мәселелердi Үiметке берейiн деп отыр. Мемлекет басшысы оларды әрi қарай қалай алып жүретiнiн көріп, сынайын деп отыр. Ендi үкiметiмiз де жалтақтамай өзi жүргiзуi керек», - дейді ел ағасы.

«Осы күнi ел iшiнде парламентке қатысты «қалта парламент» деген сияқты әңiме көп. Бiздiң парламент ешбiр мемлекеттің парламентiнен кем емес. Осы жылдар ішінде қаншама заң қабылдады, олардың ешқайсысы қате болған жоқ. Парламенттiң де рөлi күшеймек. Үкiмет оның алдында есеп беретiн болады», - деді М.Жолдасбеков.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы 25 қаңтар билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу бойынша Қазақстан халқына үндеу жасаған еді. Саяси реформаға сәйкес, Президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттіктері Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға берілмек. Сонда бұл салаға Үкімет, министрліктер және әкімдіктер толықтай жауап беретін болады. Бұл өзгерістерді Үкімет қазіргі Парламенттің сессияның аяғына дейін Парламентке енгізуі тиіс.

Бұдан бөлек, билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде теңгерімді ету мақсатында Үкіметті жасақтаудағы Парламенттің рөлі күшейтіледі. Парламент сайлауында жеңген партия Үкімет құрамын анықтауға түбегейлі ықпал ететін болады. Бұл министрлер кабинетінің өкілетті билік алдындағы жауапкершілігін арттырмақ. Тиісінше, биліктің заң шығарушы тармағының атқарушы билікке бақылауын күшейтеді.