10 ақп, 2020 сағат 17:42

Мырзахметов Жамбыл облысының әкімі лауазымынан босатылды

Асқар Мырзахметов Жамбыл облысының әкімі лауазымынан босатылды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен берілген өтінішіне орай Асқар Исабекұлы Мырзахметов Жамбыл облысының әкімі қызметінен босатылды», - делінген хабарламада.

Асқар Исабекұлы Мырзахметов 1962 жылы 1 қазанда Шымкент қаласында дүниеге келген. Ауыл шаруашылығы және экономика мамандықтары бойынша білім алған.

1997 жылдан 2006 жылдың қаңтарына дейін Қазақстан Премьер-Министрінің кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі, бірінші вице-министрі және ауыл шаруашылығы министрі лауазымдарында қызмет атқарған.

2006 жылдың сәуірінен 2007 жылдың қыркүйегі арасында Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі.

2007 жылдың қыркүйегінен 2009 жылдың наурызы аралығында - «Оңтүстік» əлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы.

2009 жылғы наурыздан 2015 жылғы тамызға дейін - Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі.

2015 жылғы тамыздан бастап 2016 жылдың мамырына дейін - «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары.

2016 жылдың мамырынан - ҚР Ауыл шаруашылығы министрі.

2016 жылдың маусымында Мемлекет басшысының Жарлығымен Премьер-Министрдің орынбасары қызметіне тағайындалды (ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - ҚР Ауыл шаруашылығы министрі) болды.

2018 жылдың 10 қаңтарында Жамбыл облысының әкімі лауазымына тағайындалды.