18 там, 2021 сағат 12:56

Мырзахметов фермерлерді қолдауға қатысты пікір білдірді


«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлерді қолдауға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біріншіден, Үкімет дұрыс шешім қабылдады. Осы орайда жем-шөп, мал азығын сыртқа шығаруға тыйым салынды. Бұл өз кезегінде ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін маңызды. Алдағы 1 қыркүйектен бастап 5-санатты бидайға, арпаға квота енгізу мәселесі қаралып отыр. Бұған да оң көзқарас бар. Былтыр осы квоталарды енгізу бойынша тәжірибе жинадық», - деді Мырзахметов Үкімет отырысында. 

Сонымен қатар ол форвардты сатып алу қадамдарына тоқталды.

«Бұл кәсіпкерлерге айналым ақша алуға өте тиімді тетік болып отыр. Өткен жылы 24 млрд 500 млн теңге бөлінсе, биыл 40 миллирдқа дейін көбейтілді. Оны ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жақсы қолдау деп бағалаймыз. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің алдында бір ғана міндет бар – ол өзінің егінін жинағаннан кейін, нақты бағамен тауарын Азық-түлік келісімшарт корпорациясына өткізуі керек», - деді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы.

«Құрғақшылық болған өңірлердегі кәсіпкерлердің несие бойынша мәселесі бар. Өткен жылы жақсы тәжірибе жинадық, төлемді кейінге шегеру қадамдары бар. Егін жинау науқаны аяқталғаннан кейін, бұл мәселе қазан айында көтерілуі мүмкін. Сондықтан оны қазірден пысықтау өтініші бар», - деді Абылай Мырзахметов.