13 нау, 2020 сағат 14:07

Мыңға жуық адам Қостанай облысына оңтүстік өңірлерден қоныс аударды

Қостанай облыстық мәслихатының кезекті сессиясында «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының жүзеге асырылу барысы талқыланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Аида Құсайынованың айтуынша, былтыр бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 2 682 адам оқытуға жіберілген. Олар облыстағы 33 білім беру ұйымында және 3 оқу орталығында 35 мамандық бойынша дәріс алды. Оқып шыққан адамдардың 1 673-і жұмысқа тұрған.

«Бағдарламаның екінші бағыт бойынша жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру мақсатында, жалпы сомасы 364,5 млн теңге болатын 769 грант берілді. 480 азамат тиесілі грантын еңбек құралдарын алуға жұмсаса, 205 адам бұл мүмкіндікті технологиялық құрылғылар алуға, 84 жас кәсіпкер мал мен құс сатып алуға жұмсады. Аймақтық квотамен 1 651 адам қамтылды. Олардың 836-сы оңтүстік өңірден қоныс аударғандар болса, қалғаны – сырт елдерден көшіп келген қандастар. Бұл азаматтардың барлығымен әлеуметтік келісімшарт жасасуға, көші-қондарына субсидия төлеуге, баспана жалдауға немесе сатып алуға 440 млн теңге бөлінген. Соның арқасында 176 отбасы үймен қамтылды», - деді басқарма басшысы. 

Былтыр облыста 16 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Оның 9 708-і – тұрақты жұмыс орны. Мемлекеттік бағдарламалар аясындағы жобалар арқылы пайда болған жұмыс орындарының саны – 8 732. Биыл жұмыспен қамту шараларымен 22 500 адамды қамту жоспарланып отыр.