Ахмет Байтұрсынұлы өз дәуірінде мектептерді қалай қазақ қыла аламыз? Мазмұнын қалай қазақ балаларына икемдей аламыз деп алаңдаған.
Бұл пікірді Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, филология ғылымдарының докторы Дихан Қамзабекұлы айтты, - деп хабарлайды BAQ.KZ.
"Тарихымызда ғалым да, даналар да көп. Бірақ ешбірі араб жазуын қазаққа бейімдей алған жоқ. Ахмет Байтұрсынұлы сөйлеген сөзіміздегі әрбір дыбыс мен әріпті арабша жазуымен жеткізді. Төте жазуымыздың негізін қалап берді. Бұл - мың жылда бір келетін ілім. Өйткені мұны жасау үшін үшін адам миының күші ерекше болуы керек. Еуразия ұлттық университетіндегі Күлтегі ескерткішінде бір дыбыс бір таңбамен белгіленген. Адамзат бір дыбысты бір таңбамен беруі үшін кем дегенде 2 мың жыл жүрген. Көріп отырғанымыздай, Ахаңның қолынан мұндай ұлы іс келген", - деді Дихан Қамзабекұлы «Атадан ұлағат - ұрпаққа аманат» атты кездесуде.