Мың томды құраған қаржы пирамидасының ісі бойынша 25 адам сотталды, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
Бүгін қаржы пирамидасы бойынша Түркістан облысы полицейлерінің тергеуінде болған екі мыңнан астам жәбірленушінің ісіне нүкте қойылды. Нақтырақ айтсақ, полицияға 2020 жылдан бастап “Evolution Corporation” мен “Индиго 24” ЖШС қаржы пирамидасының құрбаны болған азаматтардан арыздар түскен. Олар - республиканың 6 облыс пен қалаларының тұрғындары. Сол сәтте жасалған қылмыстың ауқымы ескеріліп, ҚР ІІМ-нің бұйрығымен қылмыстық іс Түркістан облысы Полиция департаментінің базасында жүргізіліп, тәжірибелі тергеушілер тобы құрылған болатын. Топты Түркістан облысының тәжірибелі тергеушілерінің бірі Алтынай Жолымбекова басқарды.
"Сотқа дейінгі тергеп-тексеру бір жылдан астам уақыт бойы жалғасты. Жедел қолға алынған жұмыстар нәтижесінде қаржы пирамидасын құруға және оны басқаруға қатысы бар деген күдікпен полиция қызметкерлері 25 адамды анықтап, ұстады. Олардан компьютерлік техника, жылжымалы және жылжымайтын мүліктер тәркіленді.
Осы уақыт ішінде полицейлер мен прокурорлар күдіктілердің кінәсінің дәлелдерін жинау бойынша ауқымды жұмыстар атқарды. Сараптаманың 15 түрі тағайындалды. Тергеушілер қылмыстық топтың бірнеше жылдар бойы салымшыларға ақшалары еселеп қайтатыны жайлы уәде етіп, тұрғындардан алаяқтық жолмен 3 миллиард теңгеден асатын қаражатты иемденгенін анықтады. Қылмыстық топтың ұйымдасқан сипатта болғаны, жоспарланған түрде әрекет еткені және әр қатысушының рөлдері нақты бөлінгені дәлелденді. Нәтижесінде тәжірибелі тергеушілер мен прокурорлардың келісімімен айыптау актісімен 1000 томдық қылмыстық істі сотқа жолданды" - делінген хабарламада.
Бүгін осы қылмыстық іс бойынша соттың үкімі шықты. Атап айтсақ, қаржы пирамидасының ұйымдастырушы-құрылтайшылары болып саналатын 3 адам 12 жылға, ал олардың орынбасарлары болған 5 күдікті 10 жылға, қалған 17 күдікті 8 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Сотталушылардың ең үлкені 55 жастағы әйел болса, ең жасы – 31 жаста.