"Қазмұнайгаз құбыр сервис" вахташылары Атырауға қайтып бара жатқанда автобустары мұз астына түсіп кетті, адамдар автобус төбесінде екі сағатқа жуық отырған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Ақтөбе Таймс" сайтына сілтеме жасап.
Таңертең бұрғылаушылар екі автобуспен үйге қайтып бара жатқан. Олар Жем өзені арқылы өтпек болып, осындай жағдайға тап болды. Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Жарқамыс ауылдық округінің әкімі Асылхан Жұбаналиннің сөзінше, олар қыста осы жолмен жүретін.
"Мұз біртіндеп шытынап, олар өзеннің ортасына жеткенде көлік түсіп кетті. Автобустар суға тола бастады. Адамдар автобустың жоғарғы жағындағы люк арқылы көтеріліп, төбеге шықты. Ер адамдар басшылығына қоңырау шалып, көмек сұрады. Таңғы сағат 8-ден 10-ға дейін 25-ке жуық адам өзен ортасында автобустардың үстінде отырды", - дейді ол.