13 қаз, 2023 сағат 13:45

Мусин Астана мен Алматыда ұялы байланыс қашан жақсаратынын айтты

Сурет ашық дереккөзден алынды

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Астана мен Алматыда байланыс сапасын қалай жақсартатынын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Соңғы кезде астаналықтар қаладағы ұялы байланыс сапасына жиі шағымдана бастады. Сигнал деңгейі төмендеп қана қоймай, толығымен істемей қалатын көрінеді.

Алайда Бағдат Мусиннің айтуынша, мұндай үзіліс 5G технологиясына көшуге байланысты туындауы мүмкін және бұл - "уақытша құбылыс".

"Әрине, әр жағдайды бөлек анықтау керек. Бірақ қазір жаппай 5G технологиясын орнатып, оған көшу жұмыстары жүргізіліп жатыр, сондықтан базалық станциялар экспортталып немесе әкелініп жатыр. Жұмыс жүріп жатыр. Әрине, қиындық туындауы мүмкін, бұл - осы қызметтерді орнату және конфигурациялау кезіндегі технологиялар. Біз тұрғындардан кешірім сұраймыз. Бұл уақытша құбылыс деп ойлаймын. Ұялы байланыс операторлары жыл соңына дейін Астана мен Алматыдағы жағдайды түзететініне сендіреді", - деді Мусин.