07 қар, 2022 сағат 14:12

"Мұндай жағдайға шыдап отыруға болмайды" - Тоқаев Маңғыстаудағы су мәселесіне қатысты


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау жұртшылығымен кездесуінде облыстағы ауыз су тапшылығы мәселесіне тоқталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Маңғыстаудың сумен қамтамасыз ету жүйесін және инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртып, Ақтау және Жаңаөзен қалаларын дамыту керек. Ауыз судың жетіспеуі – тұрғындарды алаңдатып отырған өткір мәселенің бірі. Су тұшытатын зауыттардың қуаты әлсіз болғандықтан, қалалар мен ауылдарда жаз кезінде су белгілі бір уақытта ғана беріледі. Ал, биылғы мамыр айында қала тұрғындары су таситын көліктің кезегінде тұруға мәжбүр болды. Мұндай жағдайға шыдап отыруға болмайды", - деді Президент.

Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай облыста суға деген сұраныс 260 мың текше метрге дейін өсуі мүмкін екенін ескертті.

"Мен бес жыл ішінде өңірдегі барлық қалалар мен ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз ету жөнінде міндет қойып отырмын. Әкімдік бұл бағыттағы жұмыстарды бастап кетті. Менің тапсырмаммен жыл аяғына дейін 12 ауыл орталықтан берілетін су жүйесіне қосылатын болады.

Өңірде 2025 жылға дейін су тұшыту жөніндегі 9 жоба, магистральді су құбырын салу және қайта жаңғырту жөніндегі 4 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Сонымен қатар, мерзімі созылып бара жатқан жобалар да бар", - деп толықтырды Тоқаев.