Шикізаттық емес тауардың экспортын ұлғайтудан мұнайға жатпайтын экспорт өседі. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА.
«Қазақстанның 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарының мақсаттарына сәйкес, шикізатқа жатпайтын экспортты ұлғайту және импортқа тәуелділікті төмендету болжамды кезең ішінде төлем балансының ағымдағы шотының тапшылығын қысқартуға әрі 2026 жылы ішкі жалпы өнімге (+) 1,9%-ға дейін профицит аймағына ауысуға ықпал ететін болады. Тауарлар экспортының 2026 жылы 80 млрд АҚШ долларына дейін кезең-кезеңмен өсуі күтілуде. Мұнай экспортының өсуі 2023 жылдың ортасынан бастап мұнай өндіру көлемінің ұлғаюымен қамтамасыз етілетін болады», - деді Досаев.
Оның айтуынша, әлемдік сұраныстың біртіндеп қалпына келуі, металл бағасының болжамды өсуі және шикізатқа жатпайтын экспортты ұлғайту салдарынан мұнайға жатпайтын экспорт өседі.
«Тауарлар импорты халық пен бизнестің төлем жасауға қабілетті сұранысының өсуіне, сондай-ақ ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға байланысты қалыпты деңгейді ұстап отырады. Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған үшжақты келісім аясында іске асырылатын импортқа тәуелділікті азайту жөніндегі шаралар 2026 жылы импорттың 43,4 млрд АҚШ долларына дейін қалыпты өсуіне ықпал ететін болады», - деді ҰБ басшысы.