01 қар, 2021 сағат 16:59

Мұнай өнімдерінің биржалық сауда-саттығына қатысуға кедергі азайды


Қазақстанда мұнай өнімдерінің биржалық сауда-саттығына қатысу үшін кедергі азайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, биржа комитетінің 2021 жылғы 22 қазандағы қорытындысына сәйкес, мұнай өнімдерінің айналым көлемі бойынша биржалық сауда-саттыққа қатысу үшін мұнай өнімдерін сатып алушыларға қойылатын талаптарды жылына 20 мың тоннадан 5 мың тоннаға дейін төмендету туралы шешім қабылданды. 

Жылына 5 мың тонна мұнай өнімдерінің айналым көлемінің бұл деңгейі шағын өңірлік ЖҚС бөлшек сауда желісінің бизнес көлеміне сәйкес келеді, бұл осы нарықтағы ең басым сегмент болып табылады.

Осылайша, қабылданған шешім мұнай өнімдерінің биржалық саудасына қатысушылардың санын кеңейтуге ықпал ететін болады. 

Биржа комитетінің хаттамасымен және мұнай өнімдерін тауар биржалары арқылы көтерме саудада өткізу жөніндегі ұсынымдардың (секциялық Қағидалардың) соңғы редакциясымен Агенттіктің ресми интернет-ресурсында «Биржалық комитет» бөлімінде танысуға болады.