24 там, 2021 сағат 10:44

Мұнай өндіру 107,4 миллион тоннаға дейін ұлғаяды - Әсет Ерғалиев


2026 жылы мұнай өндіру 107,4 миллион тоннаға дейін ұлғаяды. Бұл туралы Үкімет отырысында 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуы болжамының жобасын таныстыру кезінде Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2022 жылы мұнай өндіру 87,9 миллион тоннаны құрап, 2026 жылы 107,4 миллион тоннаға дейін ұлғаяды. 2022 жылы тауарлар экспорты 60,1 миллиард АҚШ доллары деңгейінде болжанып отыр және 2026 жылға қарай 79,8 миллиард АҚШ долларына дейін ұлғаяды. Тауарлар импорты 2022 жылы 40,8 миллиард АҚШ долларынан 2026 жылы 43,4 миллиард АҚШ долларына дейін ұлғаяды», - деді Ә. Ерғалиев. 

Оның айтуынша, сауда балансының сальдосы 19,3 миллиард АҚШ долларынан 36,4 миллиард АҚШ долларына дейін өседі. 

Осы макроэкономикалық көрсеткіштерді ескере отырып, бюджеттік параметрлердің келесі болжамы әзірленді. Республикалық бюджеттің кірістері 2022 жылы болжамдар бойынша 9,2 триллион теңгені, 2023 жылы - 9,7 триллион теңгені, 2024 жылы - 10,4 триллион теңгені құрайды. 

«Кепілдендірілген трансфертті 2022 жылы - 2,4 триллион теңге, 2023 жылы - 2,2 триллион теңге және 2024 жылы - 2 триллион теңге мөлшерінде айқындап, әлеуметтік міндеттемелерді қаржыландыруға бағыттау ұсынылып отыр», - деді министр.