12 сәу, 2019 сағат 13:12

Мұнай өңдеу зауыты қоршаған ортаға зиян келтіргені үшін 31 млн теңге айыппұл төлейді

Атырау мұнай өңдеу зауытына қоршаған ортаға зиян келтіргені үшін 31 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Наурыз айында «Атырау МӨЗ» ЖШС биологиялық тазарту қондырғыларын орнату бойынша жөндеу-профилактикалық жұмыстарға кіріскен. Тексеріс кезінде сарқынды суларды ағызудың қоршаған ортаға шығарылатын эмиссиялар нормативінен асып кеткені анықталды. Кәсіпорын ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің екі бабы бойынша әкімшілік жауапқа тартылды. Олар: 331-бап («Атмосфераға шығарындыларды тазалауға және сарқынды суларды ағызуға арналған жабдықты пайдалану қағидаларын бұзу, сондай-ақ оны пайдаланбау») және 328-бап («Экологиялық рұқсатта белгiленген, қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерiнiң асып кетуi не экологиялық рұқсаттың болмауы»)», - деп мәлімдеді Атырау облыстық экология департаменті.

Кәсіпорынға 31 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Бұдан тыс, экологтар кәсіпорынның ҚР экологиялық заңнамасын бұзу арқылы қоршаған ортаға келтірген залалының көлемін есептеп жатыр.