Ақпан-сәуір айларының арасында диқандарға көктемгі егіс жұмыстары үшін 231 мың тонна дизель отыны жеткізілген. Бұл диқандардан түскен өтінім көлемінің 92 пайызына тең, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталмыш деректі ҚР Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау, сондай-ақ көктемгі егіс жұмыстарын уақтылы және қалыпты жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 400 мың тонна дизель отыны бөлінді. 2022 жылдың ақпан-сәуір айларында нақты 231 мың тонна немесе 92% жеткізілді», - деді министрдің орынбасары.
Оның айтуынша, қажетті жанармай өнімдерін тиеп-жөнелту жұмыстарына тәулік сайын бақылау және мониторингтеу жүріп отыр.
«Көктемгі егіс жұмыстарына арналған дизель отынының бағасы мұнай өңдеу зауыттарында 1 тоннасы үшін 212 мың теңге (литріне 176 теңге). Өңірлерге дейін жеткізуді және сақтауды ескере отырып, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін болжамды баға бөлшек сауда бағасынан орташа алғанда 15-30% төмен болады. 2019 жылмен салыстырғанда баға өсімі 8,4%-ды құрайды немесе жыл сайынғы өсімнің 3%-ынан аспайды», - деді Әсет Мағауов.