сурет ашық дереккөзден алынды
Жыл басынан бері елімізде 1 млрд теңгеден астам еңбекақы қарызы төленген. Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов осындай мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Еңбек даулары бойынша мониторинг тұрақты түрде жүргізіледі және нақты шаралар қабылдануда. Оның нәтижесінде 51 кәсіпорында проблемалар шиеленіске жеткізбей шешілді. Жыл басынан бері жұмысшыларға 1 млрд теңгеден астам жалақы қарызы өтелді, 8 мың адамның құқықтары қорғалды. Еңбек даулары тұрақты бақылауда. Шиеленістерді болдырмау үшін әкімдіктерге жүйелі шаралар қабылдау тапсырылды», - деді ол.
Үкімет басшысының орынбасары мұнай-газ саласындағы еңбек дауларына жеке тоқталды.
«Мұнай-газ кәсіпорындары шоғырланған батыс өңірлерге Үкімет ерекше көңіл бөліп отыр. Кейбір кәсіпорындарда тәуекелдер сақталып отыр. Сондықтан бұл мәселені «Самұрық Қазына», «ҚазМұнайГаз» компаниялары кешенді түрде қарастыруда. Оларға сервисті қызмет көрсететін компаниялар жұмысшылары үшін бір жылдық еңбек шарттарын үш жылға созу мәселелерін қарастыру тапсырылды», - деді Алтай Көлгінов.