03 мам, 2022 сағат 14:33

Мұнай-газ жобалары аясында 2,5 мың тұрақты, 12 мың уақытша жұмыс орны құрылады


Мұнай-газ жобаларын іске асырудың 2022-2025 жылдар кезеңінде 2,5 мың тұрақты және 12 мың уақытша жұмыс орны құрылады. Бұл Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Отандық өндіріс өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін табысты арттырудың негізгі факторларының бірі ретінде біз отандық жобалау, инжинирингтік компаниялардың құзыретін арттыру бойынша қажетті жағдайлар жасауды көріп отырмыз. Бұл жобалау кезеңінде, әрине, тапсырыс берушінің баға және сапа саясатына сәйкес келген жағдайда, жергілікті тауарларды жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта Қарашығанақ кен орнында шикі газды кері айдаудың қосымша 5-ші компрессорын енгізуді ескеріп, жылына 10-11 млн тонна шегінде сұйық көмірсутектерді өндіру деңгейін одан әрі қолдауға бағытталған жоба іске асырылып отыр», - деді Б.Ақшолақов. 

Оның айтуынша, бұл жобаның базалық жобалауын қазақстандық «Қазгипронефтетранс» жобалау институтымен серіктестікте Worley Parsons шетелдік компаниясы орындады. 

«Жобалау кезеңінде де, құрылыс кезеңінде де бірлескен кәсіпорындар құру нәтижесінде біздің азаматтар үшін 793 жұмыс орны құрылды. Жыл соңына дейін қосымша 1 400 қызметкер тартылатын болады. 2023 жылы 2550-ге жуық азаматқа жұмыс орны жоспарланып отыр», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, тағы бір ірі жоба бойынша Қашаған базалық жобалауға Қазақстан-Аустрия-Франция бірлескен кәсіпорны Caspian Experts JV ЖШС келісімшарт берді. Қазір жобалау жұмыстарына тартылған 120 жергілікті жұмысшы бар. Жалпы, 2А фазасын іске асыру кезінде шамамен 1 200 жұмыс орны құрылады.

«Жаңа өндірістерді оқшаулау бойынша жобалардан басқа, министрлік мұнай-газ химиясы кластерін құру жұмыстарын жүргізіліп жатыр. Онда Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарында жүзеге асырылатын 7 жобаны іске асыру көзделген. Атап айтқанда, биыл қуаттылығы жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін зауыт іске қосылады. Өткен жылы Қашағанда қуаттылығы 1 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауытының құрылысы басталды. Оның аяқталу мерзімі 2024 жылға жоспарланған. Сондай-ақ, қуаты жылына шамамен 1 млн тонна полиэтилентерефталат, қуаты жылына 1,25 млн тонна полиэтилен және қуаты жылына 186 мың тонна бутадиен өндіру жөніндегі мынадай ірі жобаларды іске асыруға назар аударылатын болады. Осы жобаларды іске асатын 2022-2025 жылдар кезеңінде 2,5 мың тұрақты және 12 мың уақытша жұмыс орындарын құру ескерілген», - деді ведомство басшысы. 

«Бұл жобаларға құйылған инвестиция көлемі 4,9 млрд теңгені құрайды», - деп нақтылады министр.