03 қаң, 2021 сағат 16:02

Мұнай-газ және энергетика саласында қандай өзгерістер болды?

ҚР Энергетика министрлігі 2020 жылғы мұнай-газ және энергетика салаларындағы өзгерістер туралы айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ведомствоның хабарлауынша, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап базалық жобалық құжаттардың мемлекеттік сараптамасы бірқатар маңызды өзгерістерге ұшырады, атап айтқанда, Энергетика министрлігі жанындағы Барлау және әзірлеу жөніндегі орталық комиссия қызметінің тәсілдері мен бизнес-процестері және тәуелсіз сараптама рәсімі қайта қаралды. Бір сарапшының субъективті бағалауын алып тастау мақсатында бір жобалау құжатына тәуелсіз сараптама жүргізу үшін кемінде үш тәуелсіз сарапшы тағайындау көзделген.

Орталық комиссия құрамы 22-ден 33 мүшеге дейін кеңейтілді және жаңартылған тізімге қосымша «Атамекен» ҰКП, заңды тұлғалар бірлестігінің өкілдері және көмірсутектер саласында арнайы білімі мен жұмыс тәжірибесі бар жоғары білікті мамандар енгізілді. Комиссия жұмысында қаралатын жобалардың сапасына баса назар аударылды. Қазіргі уақытта Орталық комиссияның 9 отырысы өтіп, 107 жобалау құжаттары қаралған, оның ішінде 88 жоба бойынша (82,2%) мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы, 19 жоба бойынша (17,8%) теріс қорытынды шығарылған. 

2020 жылы жер қойнауын пайдалану құқығына арналған электрондық аукциондар іске қосылды. Жаңа тетік нарықты ашық етіп, бюрократияны қысқартты және бизнес пен мемлекет шығындарын айтарлықтай азайтты. 2020 жылы 23 желтоқсанда жер қойнауының 7 учаскесі бойынша алғашқы аукцион өтті.

Сауда-саттық елорда уақытымен сағат 10:00-де басталды, ал қатысушылар аукцион залына таңғы 9-дан бастап кіре алды. Осы аукциондарда жеті учаскедегі барлау және өндіру құқығы сатылды. Олардың бастапқы бағасы 263 млн теңгені құрады және нәтижесінде 230 еседен астамға ұлғайып, 61 млрд теңгеге дейін өсті. Учаскелердің біріндегі бастапқы баға 1000 есе өскен. Биыл жеті учаске бойынша жалпы қол қою бонусы 61 млрд теңге болған. 

Бұл ретте аукцион арқылы жерді иеленуге емес, жер қойнауын пайдалануға құқық берілетінін атап өткен жөн. Бұл құқық «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» ҚР Кодексі арқылы реттеледі, учаскелердегі кез келген технологиялық процестер Энергетика министрлігі жанындағы Барлау және әзірлеу жөніндегі орталық комиссияда қаралатын болады.

Жер қойнауын пайдалану құқығын алған соң инвестор жергілікті атқарушы органмен жерді жалдау туралы шартқа қол қояды. Жобалық құжатты әзірлеуден бұрын жер қойнауын пайдаланушы жергілікті халықтың қатысуымен қоғамдық тыңдаулар өткізуге міндетті. Аукциондар онлайн және жасырын түрде өткендіктен, қатысушылар бір-бірін көрмейді. Бұл ақпарат осы аукциондарды өткізуге жетекшілік ететін ҚР Энергетика министрлігінің мамандары үшін де жасырын болған. 

Сауда – саттық барысын барлық оператор бақылай алады, яғни «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ Энергетика министрлігінің сұрауы бойынша бөлек жария аукцион залын құрды. Аукцион барысында түскен барлық қаражат мемлекет бюджетін толықтырады.

Сонымен бірге, 2020 жылы Қазақстанда мұнай-газ машинасын жасауды дамыту халықаралық орталығы құрылды. Тиісті келісімге 30 қарашада Энергетика министрлігі, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, «PSA» ЖШС, ірі мұнай-газ жобаларының операторлары (ТШО, КПО, НКОК) мен «Қазақстан машина жасаушылар одағы» ЗТБ қол қойды. Бұл бағыттағы жұмыс Мемлекет басшысының машина жасау саласын дамыту жөніндегі тапсырмасы мен мұнай-газ машинасын жасауды дамытудың 2019-2024 жылдарға арналған бекітілген жоспары аясында жүргізілді. Бұл орталық мұнай-газ саласы үшін тауарлар өндірісін оқшаулау бойынша жұмыс істейді. Сондай-ақ, жаңа өндірістер ашу мен отандық тауар өндірушілердің қазіргі мүмкіндіктерін кеңейту көзделеді. Бұл отандық өндірушілерді мұнай-газ жобалары операторларынан тауар сатып алуға барынша ықпал етеді.