Жыл басынан бері Ұлттық банктің алтын-валюта активтері валюталық интервенциялар, екінші деңгейлі банк шоттарындағы қалдықтардың және сыртқы борыш бойынша төлемдердің есебінен 851 млн долларға төмендеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов осындай дерек келтірді.
«Жалпы халықаралық резервтер сәуір соңында 85,9 млрд АҚШ долларын құрады. Ұлттық Банктің алтынвалюта активтері жыл басынан бері валюталық интервенциялар, екінші деңгейлі банк шоттарындағы қалдықтардың және сыртқы борыш бойынша төлемдердің есебінен 851 млн долларға төмендеп, 33,5 млрд долларды құрады. Ұлттық қордың активтері 52,4 млрд долларды құрады. Республикалық бюджетке 1,5 трлн теңге трансферт бөлу үшін биылғы 4 айда 2,3 млрд долларға валюталық активтер сатылды. Мұнай бағасы көтерілген тұста Ұлттық қорға түсетін түсім өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5 еседен көп ұлғайып, жыл басынан бері 2,1 трлн теңгені құрады», - деді Ғалымжан Пірматов.
Сондай-ақ, ол Ұлттық қордың кірістілігі 30 сәуірге 3,22%-ға жеткенін атап өтті. Яғни, бұл Ұлттық қор тарихында болмаған өсім.
«Соңғы 5 және 10 жылдағы кірістілік жылдық көрсеткіште, тиісінше 2,38% және 1,62% болып келген еді», - деді Ұлттық банк басшысы.