Республика бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында 2607 жаңа басқару нысаны құрылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бұл туралы «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрбек Серіков айтты.
«2020 жылғы қаңтарда Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ҚР заңы күшіне енді. Заң мынадай негізгі мәселелерді шешуге бағытталған. Солардың бірі – «Бір үй, бір бірлестік, бірі есепшот» принципі бойынша мүлік иелерінің бірлестігі коммерциялық емес ұйымының жаңа нысанын құру жолымен басқару органдарының қызметін реттеу болып табылады», - деді акционерлік қоғам өкілі.
Сонымен қатар, ол мүлік иелері бірлестіктерін құруда көш соңында тұрған облыстарды атады.
«Әділет министрлігінің деректеріне сүйенсек, 19 сәуірдегі жағдай бойынша 2607 жаңа басқару нысаны құрылды. Олардың басым бөлігі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында орналасқан. Ең төменгі көрсеткіштер Батыс Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облыстарында тіркелді», - деді Нұрбек Серіков.