20 жел, 2016 сағат 13:58

Мұхтар Тінікеев қалалық мәслихат депутатын соққының астына алды (Видео)

Әлеуметтік желілерде ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Мұхтар Тінікеевке ұқсайтын адамның Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Николай Полевойды ұрып, түсініксіз бір жауап талап етіп жатқан видео жарияланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл видеоның қай күні, қай жерде түсірілгені туралы нақты ақпарат жоқ. Тек бейнекөріністің бейресми отырыс кезінде түсірілгені  байқалып тұр. Арақ-шарапқа толы дастархан басында екі ер азамат сөзге келіп, өз арасындағы әңгімені шешіп жатыр.

Мәжіліс депутатына ұқсас азамат Қарағанды мәслихатының депутаты Николай Полевойға ұқсайтын ер адамды жағынан ұрып, бірнәрсеге реніш білдіріп жатыр. Видеода бейәдеп сөздер өте көп. «Шығасың ба? Шықпайсың ба?» деген сөздер де анық естіліп тұр.

Ал, соққы алған ер адам ақшасы жоқ екенін айтып ақталуда. Бұдан кейін халық қалаулысы Николай Полевой: «Мұхтар Бәкірұлы мен депутат қылды. Ол мені осы биікке көтерді. Мен ешқашан сені сатқан емеспін, мен саған ешқашан қастандық жасамаймын», - дейді.

Әзірге депутат Мұхтар Тінікеев аталмыш видеоға қатысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ, пікір де білдірмеді.

ЕСКЕРТУ: Видеода бейәдеп сөздер бар!!!