Мұхтар Мағауин. «Туылған» мен «өлінген» (жалғасы)
«Ұлыс». Бүгінгі қазақ баспасөзі мен саяси өмірдегі ең бір бұзылған, бұрмаланған, кері мағына, басқаша ұғымға көшірілген сөздердің бірі. «Ұлыс» – нешеме ғасырлық ғұмыры бар тарихи атау, Көне Түрік заманынан кешегі күнге жалғасқан, бүгін де әуелгі мағынасын жоймаған, «мемлекет», «хандық», ауызекі тіл, әдепкі жағдайда – «бүткіл халық» деген сөз. Шыңғыс хан империясы «Еке Моғұл Ұлысы», яғни Ұлы Моғұл мемлекеті деп аталды. Қадымнан бері, наурыз күнгі ең басты тілек – «Ұлыс оң болсын!» яғни ел-жұртымыз аман болсын, мерейлі болсын! Адам мен табиғат, жер әлемнің жаңару, жаңғыруы есепті көктем мерекесінің байырғы қазақтағы өзіндік атауы – «Ұлыстың ұлы күні», яғни мемлекеттік, бүкілхалықтық мереке. Енді келіп… «ұлттар мен ұлыстар…» Неткен «ұлыс» десек, Қазақстан Республикасында тұратын басқа да халықтардың диаспоралары екен. «Диаспора» деп, өз атауымен айтып қалсақ, «біздің егемен елімізде бірлігі жарасып, тату-тәтті, шат-шадыман тіршілік кешіп жатқан» басқа ұлт өкілдерін кемсіту болып көрінбек. Сондықтан, тарихи танымы кемшін, білім-сауаты төмен әлдебір жоғары дәрежелі шенеунік, немесе сол шенеунікке ақыл қосқан тарихшы, әлде тіл маманы, өзіне беймәлім ғана емес, мүлде түсініксіз, әйткенмен ауыз толтырып айтарлық «ұлыс» деген сөзді ұсынған. Сонымен, Қазақстанда тұратын, әуелде жүз отыз, кейінде жүз қырық, қазірде, бәлкім, жүз елу, жүз жетпіс «ұлт пен ұлыс» болдық та шықтық. «Ұлтымыз», тәрізі, жалғыз қазақ емес, саны біршама толымды, айрықша құрметті тағы бірнеше халық: орыс, украин, беларусь, өзбек, татар, түрік, ұйғыр, ал «ұлысымыз» – бұлар да ерекше сыйлы, әйткенмен жиын саны бір, екі-үш, бес-алты, он шақты кісілік: эскимос, чукча, юкагир, нганасан, нивх, нанай, одан озса жетпіс-сексенге жеткен, тіпті, екі-үш жүз, бес-алты жүз кісіден құралатын тағы қаншама – санамалап келгенде жүзден астам халық өкілдері. Сонда екі чукча мен үш нивх та «ұлыс» болып шығады екен. Әрине, республиканың тең құқықты азаматы, бірақ «ұлыс» түгілі, атаулы, дербес қауым емес, шыққан тегі сондай да сондай, жекелеген кісілер. Керек десеңіз, екі миллионнан астам орыс пен екі жүз мың ұйғыр да «ұлыс» бола алмайды. «Ұлыс», бүгінгі Қазақ Ұлысы – Қазақстан шегіндегі он жеті миллион – барлық жұрттың жиынтық атауы болуға тиіс. Ал жаңағы, екі кісілік, елу кісілік, асса бірер, бес-он мыңдық шағын топтарға телінген «ұлыс» мәртебесі, сөз жоқ, біздің данагөй өкіметіміздің тікелей ұсынысы болмаса да, бармақ басқан мақұлынан соң ғана ресми түрде қабылданды. Егер осы, қазаққа жат, қалған жұрттың бәріне басыбайлы, интернационал өкіметіміз «диаспора» атауынан шошынса, «ұлттар мен халықтар» деп айтуы керек еді. Өйткені бес-он кісінің өзі белгілі бір халық өкілі. Сөйтіп, кемі мың-мың жарым жылдық тарихы бар, қастерлі «Ұлыс» сөзін ел-жұртымызбен бірге құрдымға жөнелтпек екенбіз. Мұны аз десеңіз, осы жақында, ағымдағы баспасөз бетінде әлдебір білімпаз «облыс» сөзінің орнына «ұлыс» сөзін қолдану керек деген ұсыныс жасапты. Өтіп кетсе таңы жоқ. Бүгінгі үш кісі, бес кісілік дәрежеден көтеріліп, тұтас бір аймақтың атауына жетеміз.
Қалай тартсаңыз да, ежелгі «Ұлыс» сөзінің байырғы және әдеби қалыбы ешқашан өзгермейді, бұл тараптағы далбағай шешімдер – совет заманында тыйым салынған «алаш» атауы сияқты, қайта тірілмек. Біздікі – бүгінгі сорақы жағдайдың бет пердесін ашып көрсету талабы ғана.
«Халиф». Араб халифатының әскери, саяси-әкімшілік басшысы, «патша», «хан», «қаған», «король» есебіндегі, кейінде әкімшілік қана емес, жүмлә мұсылман әлеміндегі (бүгінгі Рим папасы сияқты) діни-рухани көсем атауын қазір осылай жазатын болдық: «халиф». Тағы да көп білгеннің кеселі, біз ықпалынан шыға алмай отырған орыс әсері. Арабтың өзіндегі атау тұлғасы – «халифа». Осыған орай, арғы-бергі қазақ әдебиетінде, ХІХ ғасырда айрықша дамыған, роман кейіпті, қисса, хикаят аталатын өзгеше үлгілі эпостық жырларда – «халифа». «Сол Масғұт халифаға уәзір бопты», – деп жазған Абай. Өлең-жырлар мен шығыстық ертегілер «халифа Харон-Рәшид» заманы туралы толғайды. Өзіміз де талай рет «халифа» деп жаздық. Біздің алдымызда және тұсымызда түгелдей «халифа». Есебі, халық тіліне де, әдеби нұсқаларға да енген, әбден қалыптасқан атау. Енді екі жүз жылдан соң, «егемендік» кезінде орыс әсерімен «халиф» деп жазсақ, бұл – жай ғана жаңсақ емес, ұлттық әдебиет үлгілерінен тақыр-таза бейхабарлық, қазақша жаза отырып, қазақ тілін білмеген дүмшелік деп қана бағалануға тиіс.
«Ханым». «Халиф»тен өткен сорақы жағдай. «Ханым» – бұрнағы хандық заманда өз тұлғасындағы, кейінгі әдеби қолданыста және де мағынасы өзгермеген саяси-этнографиялық атау – «ханның әйелі», «патшайым» деген сөз. Ал қазір кез келген әйел заты «ханым» аталатын болды. Бәлкім, қай-қайсы да бұрынғы «ханымға» теңдес, тіпті, артықша болар, бірақ неше қайыра айтқанымыздай, әр нәрсенің өзіне ғана тән атауы бар, мәселен, теректі – емен, жылқыны – түйе деп танымайтынымыз сияқты. «Ханым» – әуелгі де, қазіргі де нақты мағынасы – «ханның қатыны», бүгінгі майысқақ тілге көшірсек, «ханның жұбайы» деген сөз. Онда қазақ жерін қаптап кеткен әлденеше миллион «ханым» қайдан шықты – ешқандай жұмбағы жоқ: орыста – «дамы и господа», ағылшында «леди… джентльмен». Осыған сәйкес, ер кісілеріміз ешқандай талассыз – «мырза» болып шықты, ал әйел заты… «әйелдер» десек, сөкет көрінеді, «қатындар» десек – сұмдық, бұдан гөрі көтеріңкі сөз қаперге келмеген, ақыры аспандап, «ханымға» жеттік. Шынында, байырғы қазақ тілінде балама сөз бар еді – «айым» деген. Бізге қарағанда зердесі тұнық қырғыз бірден тапты «мырзалар мен айымдар!» Сонымен, ерте ме, кеш пе, «мырзалардан» соң «айымдар» тұруға тиіс. Немесе, қазіргі әйелді алдыға шығаратын мәдениетіміз бойынша, «айымдар мен мырзалар». Бұл «айым» біздің бүгінгі тілімізге де жат емес – «төрағамен» сыңарлас «төрайым» бар ғой. Енді, реті келіп қалған соң айта кетейік, совет заманында тілімізден аласталған «қатын» – «тәрбиелі» кісі шошынардай тұрпайы сөз емес, әйел затына құрметтің айрықша көрінісі. Әуел баста, Ежелгі Түрік, одан соңғы Қыпшақ пен Хорезм, Шыңғыс хан ұлысы, тіпті, кейінгі Осман империясының өзінде «қатын» – «императрица» деген сөз. Ұлы қаған Шыңғыстың қаншама құмасы, яғни некесіз әйелі болса, тұрақты төсектес, таңдама бесеуі ғана «қатын» атанған. Сұлтан гәремдерінде әлденеше жүз құма мен қызметші кәнизак бар, ал некелі «қатын» («қадын») саны төртеуден аспаған. Кейінде, империялар ыдырап, хан мен қара теңеспесе де, заман өзгерген кезде әрбір қарашы (айттық, «қараша» емес) еркек өзінің нақсүйерін «сен хан қосағынан кем емессің» деп еркелетіп, «қатын» атай бастаған, ақыры, нақты күйеуі бар, тұрмыстан өткен ұрғашы атаулы түгел «қатын» болып шықты. Советтік жыныс теңдігі кезеңінде адамзаттың екінші жарымын өз ныспысы бойынша, «қатын» атау кемшілік саналып, ілкіде азды-көпті қолданысқа ене бастаған ғараби «әйел» сөзі қалыпқа түсті. Шын мәнісінде жоғары емес, кемшін атау. Алайда, әдебиет пен баспасөзде, ауызекі тілде түбегейлі орнығып кеткен сөздің әуелгі мағынасына сілтеме жасап жату – орынсыз, кез келген тіл қандайма сөзді өзіне сіңірген жағдайда, бастапқы мәнісі айна-қатесіз сақтала бермейді, мәселе – осы тілдегі түпкілікті қалыптасқан ұғымында қабылдауымыз керек. Қазақ тіліндегі «әйел» де өте әсем, терең мағыналы сөз. Қолданыстан шеттеу орынсыз және мүмкін де емес. Тек баяғы құрметті «қатынды» мүлде ұмытып кетпесек болғаны. «Әйелдің» күң емесі сияқты, бұл «қатын» да патшайым емес. Екеуі өзара синоним ретінде, қатарлас жүре беруге тиіс. Ал бүгінгі қаптаған «ханым» – өздеріне лайықты «айым» мәртебесіне көшкені жөн.
«Шариат». Егемен болғалы, жаңадан ештеңе таппағанымыз тұрыпты, барымыздан айырылып жатырмыз. «Шариат» – әлде орыстан ауысты, әлде кәдімгі дүмшелік көрінісі. Қазақта барлық заман, барша әдебиетте – «шариғат». Жүз сан мысал келтіруге болады. Ғарабы нұсқада «и» мен «а» аралығында көмейлік «айн» дыбысы бар, қазақ қашанда ұяң дауыссыз «ғ» арқылы берген – «шариғат». Сондай-ақ, «ғалым», «ғұлама», тағы басқа да үйлес дыбысты сөздер.
Тізбелей берсе, тіл мәдениетіне қатысты реніш пен кейістің шегі жоқ. Осы орайдағы көрнекі мысал – бүгінгі әдебиет пен журналистика тілінде қалыптасқан, тіпті, ілкідегі әжептәуір жазушылардың өзінде ұшырасатын өрескел бір қателікке назар аударайық. Табиғи қазақ тілінде көптік сан есімнен соңғы анықтауыш сөзге көптік жалғау тіркелмейді. Мәселен, «өз елінде тұратын он бір миллион қазақтар» емес, «он бір миллион қазақ». Біздегі «екі жүз жиырма мың немістер» емес, «екі жүз жиырма мың неміс». Сондай-ақ, «төрт-бес кісілер», «қырық-елу кісілер» емес, «төрт-бес кісі», «қырық-елу кісі»; мың қой, жүз жылқы, отыз сиыр, ондаған құрылыс, жүздеген завод-фабрика, тағы осы ретпен.
«Бір қайғы мың қайғыны қозғайды» деген. Тіл төңірегінде уайым көп. Мен қазақ тілінің қолданыс аясы, бүгіні мен болашағы туралы қам жемеймін. Бұрын да талай айтқам, жазғам. Бір заманда қазақ әлемдегі ең үлкен отыз халықтың бірі болды дедік. Совет кезеңінде тікелей геноцидке ұшырады, әдейі ұйымдастырылған аштықтан қырылды, айдалды, атылды, жер ауды, алпауыт жат жұрттар арасындағы еріксіз майданға түсті, өз жерінде қуғынға ұшырап, қорлық күн кешті. Алайда, Қазақ-Ата осы сұмдықтың бәрінен аман өтіп, қазіргі де-юре, сөз жүзіндегі болса да тәуелсіз заманға жетті және ХХ ғасырдың соңғы қырық жылында еселей өсіп, бүгін де ептеп-септеп төңірегін толтырып, әлемдегі саны көп, ең ірі алпыс халықтың қатарына қосылды. Қазір өз қонысындағы жалпы жұрттың кем дегенде жетпіс пайызын құрайды, алдағы он жылдықта жетпіс бес-сексенге иек артуға тиіспіз. Және, маман эксперттердің түйінді пікірі бойынша, өкіметіміз, рас, мүлде басқа бір дабырамен емсеп отырған 2030 жылы – 90 пайыздан асуы анық! Ал жай ғана байбалам емес, үлкен қасірет болып тұрған орыстілділік – уақытша ғана құбылыс. Баяғыда жазғанбыз, бір ауыз орысша білмеген қазақтың немерелері енді қазақ тілінен мүлде мақұрым шықса, бүгінгі орыстілді қазақтың немересі неге қазақша білмеске деп.
Бұл мақала жоғарғы дәрежелі тіл мәдениетінің бір ғана тармағы, онда да шетқақпай мәселе – лексикалық қордың бұзылып, бұрмаланып кеткен жекелеген жағдайларына арналды. Баспасөз бетіндегі, кейбір әдеби нұсқалардағы, шалағайлықтан сауатсыздыққа бейім кілтипан – жекелеген бір сөз, ұғымдардың мүлде басқаша мағна алып бара жатқан мысалдары. Әлдеқалай көзімізге шалынған ерекше сорақы жағдайлар. Бұзылған сөз, теріс, басқаша қолданыла бастаған ұғымдар мен тіркестер. Айта берсең, әңгіменің ұшы-қиырына жетпейсің. Тек қана «кеңес» атауының өзі неге тұрады. Жетпіс жыл бойы «совет» болып еді. Шаласауат, жалған ұлтшылдар мен шалағай жазармандар бір-ақ күнде «кеңес» қылып шығарды. «Кеңес өкіметі». Өз өкіметің екен. Етене жақын, тілге жағымды сөз – туған өкімет. «Хан кеңесі», «билер кеңесі», «ақыл, кеңес», «Кеңес күйі». Осының ешқайсының совет өкіметіне қатынасы жоқ еді, енді сол советтің өзін кеңеске теңедік. Кезінде бұл туралы да жеткеріп жазғанбыз. Амалсыздан қайталауға тура келді. Өткен жетпіс жыл бойы, күні бүгінге дейін, арғы, бергі тарихта жер жүзі түгел «совет» деп айтады, жазады. Ағылшын да, неміс пен француз, испан мен итальян – барлық Еуропа халықтары. Ағылшын, неміс, француз, испан, басқа да әлемдік тілдердің ғұзыры жетпегеннен емес, тарихи-саяси термин болғандықтан. КСРО деген қандай сөлекет. «Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы» екен. «Кеңесті» қабылдайық, онда неге «Социалистік», неге «Республика» – «Ортақтастық», немесе «Әлеуметтік», «Қоғамдастық» һәм «Жұмхұрият» емес пе!? Жер жихан қабылдаған, тарихқа енген, әлемдік барлық тілде қолданыста тұрған, үрейлі, қанкешті «КГБ» атауы – жүрекке жақын «МҚК» болып шықты. Тағы соншама сорақы жағдайлар. Айтып түгесе алмайсың. Тәуелсіздіктің кеуде көтеріңкі алғашқы жылдары, баспасөз бетінен алғаш рет «ұжымшар» деген сөзді ұшыратқанда, бұл не болды деп аңырып қалғаным бар. Тәрізі, жаңа заманда жаңадан көтеріліп, жаңаша құрылып жатқан әлдебір қауымдастық шығар деп ойладым. Ізінше, бәлкім, бірталайдан соң «кеңшар» дейтін пәлеге көзім түсті. Сонда ғана шатысқан миымның бар талшықтарын іске қосып, не керемет екенін анықтап едім. «Ұжымшар» – колхоз екен, «ұжымдасқан шаруашылық», «кеңшар» жөні тіпті оңай – «кеңес шаруашылығы!» Даналықтың шегі бар деседі, ал осыған қарама-қарсы мағынадағы ғаламаттың шегі жоқ екен. Бізден бұрынғылар айтқан. Сөйте тұра Бораттың мазағы ұлттық намысымызды қоздырып, жаппай ашу-ыза туғызады. «Кеңеспен», «кеңшармен» тоқтасақ жөн ғой. Күнделікті тұрмыстағы «әптек» пен «ресторанға» дейін қазақшаланды – «дәріхана», «мейрамхана»; «ойынханамыз» тағы бар – «казино». Әлемдік қолданыста жүрген, онсыз жөндем сауатыңыз не, орта мектеп шегінен өте алмайтын ғылыми-техникалық терминдер түгелге жуық «ұлттық патриот», «тіл жанашырларының» қорыс батпағына араласып, өз тілінде оқыған қазақ үшін жоққа сайды. Әзірше сол терминдер қолданылатын «физика», «алгебра», «химия», «математика» дейтін пән атаулары ғана өз орындарында тұр, күні ертең бұлар да «ана тілімізге» қотарылып жатуы ғажап емес, мәселен, «математика» өзінен-өзі сұранып тұр: «есеп», әлде «есеп-қисап», бәлкім, «санамақ»; қалғанын қазақшалауға біздің қауқарымыз жетпесе, кейінгілер қисынын табады, мүмкін тауып та қойған шығар.
Бүгінгі «озық заман, егемен елімізге» лайық жаңалықты құбылыстар өз алдына, енді өткен тарих пен әдебиетті түзете бастадық. Мәселен, «Октябрь революциясы» – «Қазан төңкерісі» болып шықты; «төңкерісіміз» түсінікті, орыстардың өзі осылай өзгертіпті – «переворот» – «Октябрьский переворот» – ал «Қазанның» ешбір қисыны жоқ. Айна-қатесіз «Октябрь төңкерісі» болуға тиісті. Саяси, тарихи атау. Ал біздің жаңашыл, санасы жоғары қауым бәрін белінен басып жатыр. Ең соңғы мысал – «1916 жылғы Маусым жарлығы» – бар тарихта «Июнь жарлығы» ғой. Есеп емес. Өтіп кеткен іс, мен күнтізбедегі ай аттарын жаңғырту – оқыс қате болды деп санаймын. Рас, өзім он жылға тақау жерін жерлеп, суын ішкен чех жұрты да бұрнада өз тілдеріне ыңғайлаған екен: январь – леден, апрель – дубен, май – кветен, ноябрь – листопад дегендей. Жалпы, халықаралық терминдерден қашу – өзіне сенімі аз, ұсақ халықтарға тән, кемшілікті санадан туындаған ғадет. Мейлі дейік. Алайда, бұрнағы әдеби нұсқаларда, журналистикада, сол замандағы ресми атау бойынша жазылды ғой. Оң ба, теріс пе, тарихи құжат екені өз алдына, ол кезде ешкім де «Маусым жарлығы» деп мәймөңкелеп тұрған жоқ, ай аты орыс нұсқасында, өз қалпында өтті. Ең кереметі – осы іспеттес белсенді, жанкешті надандық (орысша «воинствующие невежество») өткендегі мұраларға да зардабын тигізіп жатыр. Совет тұсында жазылған, басылған, таралған мәтіндерге «Қазан төңкерісі» деген түзету жасасақ не болып шықпақ. Бұл да мүмкін екен. Мәселен, Міржақып мақалаларындағы ай аттарын білгір редактордың қалай түзеткенін өз көзіммен көрдім. Мұндай өңдеуге түскен – жалғыз Жақаң ғана болмаса керек. Яғни, ХХ ғасырдың басы ғана емес, одан соңғы жетпіс жыл бойғы мұра атаулы түгелдей «дұрысталып», жаңартылуы әбден ықтимал. «Түйені жел шайқаса, ешкіні аспанда көр» демекші, кейінгі қаламгерлердің жарасы тіпті оңай. Нақты бір куәлік – мына менің өзімнің бұрынғы-соңғы жазбаларым. Өте көп білетін, азатшыл, ұлтшыл редакторлар, саяси сауаты ғана емес, ұлттық танымы да бізден артық корректорлар сыртымнан, өз қалаулары бойынша, еркін түзеткенін және сол қалпында журналға, кітапқа шыққанын алғаш көргенде құтырып кете жаздадым. Әр жылда әлденеше рет қайталанған жағдай. Әрқайсы бір тауарих. Есіме түссе әлі күнге дегбірімнен айырылам. Сен таңбалаған ақиқат «совет» атаулының жаппай «кеңеске» айналуы тұрыпты, ешқашан ешкім айтпаған «кеңес адамдарына» ұшырысқанда сабыр сақтау қиын. Түзу сөзіңді қисайта бұрап жібергені, күрделі, құрмалас сөйлемдерді бөлшектеп, екпінді, қысқа сөйлемдердің арасын ілмектеп қосып қоятыны, мәнді, мағыналы тыныс белгілерін, ең аяғы жақшаның ашылу, жабылуына дейін жылжытып, сені жақсарту жолында жасалған қыруар еңбекті түгендеп шығу мәнсіз. Өйткені әзірге барсың, тірісің, кейінгі бір басылымдарда қалпына келтірдің, қалғанын түзетіп, оңдап қойдың, әдебиетші, мұрагер балаңа мұқият тапсырдың. Әйткенмен, көңіл алаң. Тіл тазалығы жолындағы күрескер қауым осымен тоқтаса жөн ғой. Ең сұмдығы – бүгінің тұрыпты, ғұмыр бойы тінтінектеп құраған барлық жазуыңды нендей хикмет күтіп тұр? Жалғыз сен ғана емес, ХХ ғасырдағы қазақтың озық әдебиеті – Мұхтар Әуезовтен бастап, Ілияс Есенберлинге дейінгі ұлттық мұраң қандай кепке түспек? Мұраны айтасың, бай да бағлан, оралымды, икемді, әсерлі, мағыналы, кенеусіз бай қазақ тілінің өзі қандай қоқысқа толмақ? Жалғыз-ақ алданыш қалды. Дамыған халықтарда «әдеби тіл» және «сөйлеу тілі» дейтін екі бөлек ұғым бар. Бүгінгі күнге дейін қазақта бұл екі тараптың өзара айырымы болмады. Ұлттың тұтастығының, тіл бірлігінің көрінісі. Енді… манағы «туылған» мен «өлінген» және басқа да ғажайып, сілімтік сөздер саржағал басылым, сауатсыз жазармандар үлесіне өтіп, ежелгі жыраулар мен эпос, Абай мен Әуезов, оларға жалғас қазіргі және кейінгі үлгілі әдебиеттің тілі, соншама былыққан ұшан мұхиттағы шалғай арал есебінде болса да, әуелгі саф таза қалпында сақталып қала ма деген үміт қана көңіл жұбатады. Әзірше «туылғандардың» екпіні тым қатты, қазақ руханиятының төрт бұрышын түгел басып барады және жуық заманда «өлінетін» түрі байқалмайды. Әйтсе де, «Үмітсіз – шайтан», алдамшы емес, ақиқат болашақ деп сенейік. Тас та уатылады, тау да құлайды. «Туылған» рас болса, «өліну» де күмәнсіз. Өз еркі, өз бетімен «өлінбейді», азды-көпті білігі бар жалпы жұрт жаппай жұмылып, жардан құлатып жібермесе. Ертеңнен озып, арғы күндерден бастап, ақыр түбінде.
Дегенмен, адам да, қоғам да ең әуелі бүгінгі күн аясында ғұмыр кешеді ғой. Тіл бұзарлықтан құтылудың, шын мәнісіндегі, тым құрса орташа сауатқа жетудің қандай жолдары бар? Оқу, білім, үйрену, тағы тағылар деп бас ауыртпайын. Ең оңай жолын айтайын. Орысша «Толковый словарь», қазақша «Түсіндірме сөздік» деген бар. Бір томдық және көп томдық. Біздегі бір томдық мен елде жүргенде, 1999 жылы басылып шықты. Сарапшы ғана емес, жартылай редактор ретінде қолжазба нұсқаның толымды бір бөлігін қадағалап, пікір, кеңес айтуға тартылып едім, менімен қатар белгілі жазушы Қабдеш Жұмаділов, тәжірибелі аудармашы Нияз Сыздықов қатынасқан. Тіл білімі институты дайындаған еді. Қазақ тілінің біршама толымды тізбегі – 50 мың сөз қамтылыпты. Ойдан құралмаған, қазақ әдебиеті нұсқаларынан айғақты мысалдар негізінде. Қайырсыз «қайманадан» бастап, бірталай сөздің дәлме-дәл, нақты мағынасын оп-оңай табасыз. Бұдан гөрі күрделірек және артық сенімді – он томдық «Түсіндірме сөздік» және бар. 1970–1980 жылдарда шыққан. Ғылым Академиясы Тіл білімі институтының Сөздік бөлімінің тура ширек ғасырлық тыңғылықты, бажайлы жұмысының нәтижесі. Қазақ лингвистикасының үлкен маманы, ана тілінің білгірі академик Ақмәди Ысқақовтың басшылығымен жүзеге асырылған. Кез келген атау сөздің нақты анықтамасы мен соған сәйкес бірнеше мысал – белгілі әдеби нұсқалардан алынған дәйекті және әрқилы қолданыс айғақтап көрсетіледі. Бұл он томдық кейінгі бір жылдарда толығып, қайыра басылыпты деп естимін. Рас болар. Негізінен осы көптомдыққа жүгінген жөн. Ол қолға түспесе, манағы бір томдық тұр. Бәлкім, ол да жаңадан басылған шығар. Мүмкіндігінше, дүниеден үмітті әрбір жазарманның қолында тұрса артық емес.
Мен өзім Шыңғыстау, Сары-Арқа – алаштың ежелгі лұғатының қаймағы бұзылмаған қалың ортасында туып, өстім, көз ашқан кезімнен, ескілікті ертегі, аңыз, көне эпос, қисса-хикаят үлгілерін тыңдап, зердеме құйып, өспірім шағымда халық әдебиеті нұсқаларын, бұрынғы-соңғы елеулі жазушылар шығармаларын мұқият оқу, ақыр түбінде Түрік қағанаты заманынан басталатын қадыми мұраларды игеру, Шағатай әдебиетінің ұлағатын байыптау, бұрнағы ақын, жыраулар шығармаларын зерттеу, Ғылым Академиясының архивіндегі қолжазба ескерткіштерді қарастыру, тіпті, туыстас татар, қырғыз, ноғай, қарақалпақ әдебиетіне үңілу – тынымсыз, табанды ізденіс нәтижесінде, ана тілім – қазақ тілін мүмкін болған ең жоғарғы шегінде біліп шықтым деп ойлаймын, соған қарамастан, күні бүгінге дейін, әлденендей күмән туған, тіпті, анықтай, жеткере түскім келген жағдайда осы «Түсіндірме», және де «Аймақтық» һәм «Синонимдер», Абай мен «Абай жолы» сөздіктеріне жүгініп отыратыным бар. Қанша жетіктім десең де, қисапсыз бай туған тіліңнің қадір-қасиетін тани түсесің, барыңа сенімің артады. Қашанда білместік – ең үлкен айып емес, білуге ұмтылмау айып. Манадан бері біз санамалап өткен жаңсақ қолданыстар – түзетілуі оп-оңай кінәрат еді, аз-маз талап қылса. Амал жоқ, көпе-көрнеу жағдаяттар төңірегінде осыншама таусылып сөйлеуге мәжбүр болдық.
Мұхтар Мағауин
Америка Құрама Штаттарынан. Көкек, 2016,
«Жас Алаш» газеті