24 шіл, 2020 сағат 12:09

Мұхтар Мағауин. Біздің Ғалекең

Қазақы ғадет пе, өзіме ғана тән мінез бе, әйтеуір үш-төрт жас кіші інілердің бәрі, күні бүгінге дейін бала көрініп тұрады. Ал он жас – мүлде алшақ. Жиырма жас… тіпті шыған. Шикі емес, толымсыз емес, бірақ ғұмырлық кешу тұрғысынан алғанда, тым төменде жатыр. Кейде осы балалардың, өзіңе тете болмаса да, біршама, егде деп айтпайын, үлкен белеске жеткенін естіген, білген кезіңде кәдімгідей аңтарылып қаласың. Осы ретте белгілі қаламгер, режиссер, продюсер һәм қоғам қайраткері Ғалым Доскен бауырымның алпыс жасы тосын хабар болып көрінді. Әрине, сүйінішті жаңалық. Алпыс деген… Алпыс қой, яғни  бар жағынан толысқан, ақсақал тұғырына аяқ басып, ұлт руханиятындағы белгілі тұлға ретінде біржола танылған асқаралы биік. Сонымен қатар, жаңа, бұрынғыдан да еңселі мерей мен кең өріске бет қойған ерекше қақпа. Өзімнің алпыстан кейінгі тіршілігім мен жазуымды айтып отырмын. Бүгін сексенге келсем, аралықтағы жиырма жыл – бұған дейінгі бар ғұмырға пара-пар сияқты.

Иә. Мен – сексен. Ғалекең алпыстың есігінен енді ғана сығалап тұр. Шынында да балақан емес пе. Балақан, әрі қайраты қабындап тұрған сақа жігіт. Алаштың азаматы.

Бұдан қырық… қырық үш жыл бұрынғы шын бала кезі көз алдымда. Қазақтың Абай атындағы Педагогтық институтындағы қабылдау емтиханы. Мен осының алдында ғана ұстаздық жұмысқа ауысқам. Жоғарғы басшыларымыз бірден-ақ дүрбелең науқанға жегіпті. Алғаш және соңғы рет. Пән комиссиясының төрағасы – жазушы, профессор Нығмет Ғабдуллин еді. Мейлінше таза кісі. Әрі жоғарғы оқу орындарында кейінгі былықтың өріс ала қоймаған кезі. Филология факультетінің қазақ бөліміне елу орын бөлінген, ал үміткер балалардың ұзын саны үш жүздің үстінде. Қатаң іріктеу болды. Және мейлінше әділ дер едім. Осы ҚазПИ-ге ілгерінді-кейін түскен балалардың ішінен республикаға танымал ақын, жазушы да, ғылым доқторы, әдебиетші қайраткер де шықты.

Содан, емтиханшы ұстаздардың әуелгі шағын отырысында Нықаң айтып еді. «Жақсы балаларға абай болайық; осы үш жүз абитуриент ішінде жалғыз медалист бар екен, қатеден кетпесін», – деп, құлаққағыс қылды. Әрине, топыр ішінде жаңсақ жағдайлар да ұшырасып қалуы ықтимал. Нықаң бұл медалисті сенімді, әрі жақын кісісі маған тапсырар деп ойлап едім, сол жерде және кейін де арнап ештеңе айтпады. Әуелгі сын – жазба шығарма. Және жазып біткен соң, барлық жұмыс ректорат тарапынан бүркеме шифрға түседі. Енді жеті-сегіз мұғалім, оңаша бөлмеде, жаппай тексеріп жатырмыз. Көбіне үнсіз. Ақыры бір мезетте Нықаңның көңілді дауысы шықты: «Ой, жарайсың! Ер екен өзі де!..» Аңтарылып қалып едік. «Манағы жалғыз медалисіміз, – деді. – Міне, адал бесі. Түсті оқуға!» – деген мәз болып. Менің кезімде орта мектепті алтын, немесе күміс медальға бітірген бала республикадан Мәскеуге дейінгі кез келген жоғарғы оқу орнына сынақсыз қабылданатын. Кейін жаппай емтиханға кесілді. Ал бұл тұста негізі, бір сабағына үздік баға алса жетіп жатыр. Сөйтіп, біздің жалғыз медалисіміз қатаң талқыдан мүдірмей өтті. Нықаң кеше өзі байқап, белгілеп қалды ма, бізге өз қолынан санап тапсырар көп жұмыстың ішінен қапысыз таныпты. Өзі қарап, нәтижесін де өзі шығарды. Жалғыз медалисіміздің әдебиет шығармасына мейлінше риза болып еді. Артынша, шифрларды таратып, тиесілі тізімге қондырған кезде бәріміз де анығын білдік – үздік шыққан баланың есімі Ғалым Доскенов екен!

Студент Ғалымның жалғас заманда Ежелгі әдебиет және ХІХ ғасыр бойынша менен дәріс алғанын, содан соң Нығмет Ғабдуллиннің, Серік Қирабаевтың, тағы басқа да ұстаздардың алдынан өткенін, жай ғана үздік емес, азат ой, терең пайымды, еркін әрі ерке студент болғанын таратып айтпай-ақ қояйын. Институттан соң бірден-ақ қатарынан оза шықты.

Бұл кезде мен еркін шығармашылық жұмысқа көшкем, одан әрі – баспа мен журнал төңірегі. Ғалым газетте, өнер мен мәдениет саласында әрқилы қызметте жүрді, ақыры «Қазақстан пионері» газетінің бас редакторы болып тағайындалды. Советтің іргесі шайқала бастаған кез, әйткенмен тұғыры берік тұр. Осы алмағайып кезеңде пионер газетінің атын «Ұлан» деп жаңартты және қазақтың жас ұланына үлгі, өнеге берер тың мазмұнға көшірді. Бұдан соң, жаңа заман табалдырығында Академияның Әдебиет институтына ауысты, енді ғылым жолын қуар деп ойлап едім, сөйтсем, бүгінгі күн үшін ұтымдырақ басқа бір салаға бейімделе бастапты. Сонадан бері менімен қатынасын үзбеген, кейде сәлемдесіп, кейде қажетті ақпар, азғана кеңеспен келіп тұратын. Бір күні нақты ұсыныс әкелді. Қасқа жолды Қасым хан туралы шағын метражды, деректі кино түсірсем дейді. «Сіз сценариін жазып берсеңіз, мына «Қазақ тарихының әліппесіндегі» барды кеңейтіп». Мен үшін мүлде бөтен жанр. Әйткенмен, қажеттілікке балап, әрі Ғалымның көңілін қимай, келістім. Енді қаламақысын оңдаймын деген. Яғни, осы таршылық кезеңде мені жарылқамақ, әрі қазаққа керекті, көзбен көріп, көңілмен ұғатын үлгілі фильм шығармақ. Ақыры, жоғарғы басшылары ризашылық бермей, бұл бастама аяқсыз қалды. Ғалым өкінген шығар, ал мен арқам кеңіп, енді көлденеңге аялдамай бұрнағы жұмыстарды одан ары жалғастырған едім.

Бұдан соңғы кезеңде Ғалымның тәуелсіздікке жаңа жеткен Алаш жұрты үшін ұлағатты, әрі үлгілі, үлкен қоғамдық қызметі басталған. Ғайыптан деп айтайын, «Қазақстан» теле-радио корпорациясының төрағасы болып тағайындалды. Яғни, құзырлы министр. Яғни, барша қазақтың көзбен көріп, құлақпен еститін рухани, әдеби, саяси әлеуметтік әуезінің тұтқасын ұстап, бағыт-бағдарын айқындайтын ең үлкен төре!

Ғалым Доскен осы бір, аса күрделі, абыройлы, әрі қиғылық салада бес жылдан астам жемісті қызмет атқарды. Қазақ халқының рухани өрісін кеңейтіп, жаңа бір арнаға бұрған, таза ұлттық тұрғыдағы хабарлар мен қойылымдар. Бұл ретте жалпы жұрт ентелей қараған, көптің көзін ашқан демейік, көңілін делбеп, көкжиегін кеңейткен, жаңа бір сана мен тосын ойларға жетелеген «Шынның жүзі» сұхбаттар сериясын, «Мезгіл» саяси сараптамасын, «Күлтөбе» саяси-интеллектуалдық клубын, күні бүгінге дейін ұмытылмаған, басқа да әдеби, мәдени хабар мен жобалардың атын атаудың өзі жеткілікті болса керек.  Қайталап айтайық, «Қазақстан» теле-радио корпорациясының Ғалым Доскен басқарған кездегі сан салалы, бай мазмұнды қойылымдары шын мәнісіндегі тәуелсіздік кезеңінде ұлттық әуез қандай болуы керектігін айғақтаған еді. Алайда, сол қалпында заңды жалғасын таппай, орта жолдан кесілді. Біз сөз жүзінде болғанымен, іс жүзінде толық азаттыққа жетпеппіз, іргеде бұрнағы империялық өктем пиғылмен әр ісіңе араласып отырған алпауыт көршің бар, іште баяғы құлдық санадан құтылмаған, тек өзінің бір күндік тыныштығы мен барақатын ғана ойлайтын қорғаншақ өкіметің бар. Әйтсе де, осы 2001-2006 жылдар аралығы, қайткенде де біршама ұзақ, өрісті, кеңісті заманда еркін ойлы, әрі батыл министр қалыптаған ұлттық тұрғыдағы жазбалар мүлде жойылып кетпеген шығар, уақыт оза келе эфирге қайтадан жол ашып, жұртшылық алдына тартылып жатса, әлі де қаншама игілікке ұйытқы болар еді деп ойлаймын. Қайткенде, із-түссіз, ауаға сіңіп жоғалған жоқ, кейінгі қауымның көңілін ашты, ой-санасына қозғау салды, яғни, қазақ руханиятындағы қажетті қызметін атқарып кетті.

Ғалым Доскен  осыншама ұлағатты қызметі үшін өкіметімізден алғыс алмады, керісінше, қудаланған, тіпті, азат басына қатер төнген кезі бар. Бүгінгі атаусыз тиым заманында таратып айтпай-ақ қоялық. Жұртшылық көкейінен орын алды, халқына ұмытылмас қызмет жасады – бұдан артық не керек.

Осы соңғы, үлкен мансабында жүргенде Ғалымның менімен күнделікті хабарласуға мұршасы келе бермейтін. Корпорацияның және бір үлкен бастығы Тұрсынжан Шапай арқылы ғана жалғасып тұрдық. Өзі бастық болған адам басқаның басшылығына қол сұғып, ақыл беруге тиіс емес, әйткенмен жалпы ризашылық үстіне кейбір кезде, кейбір жауапты хабарға қатысты кеңес қосар едім, оның ішінде, бір жолы журналист этикасына қатысты реніш айтқаным бар. Ақыры, Ғалым сырғанап, Прагаға келген кезінде ағалы-інілі қатынасымыз бұрынғыдан да жақын, жаңа бір қалыпқа көшкен еді.

Мен Ғалым Доскеннің ұзақ жылдарғы қаламгерлік жұмысын, сценарист, режиссер, продюсерлік қызметін тізбелеп айтайын. Алайда, теле-радио корпорациясынан соңғы «Ел» продюсерлік орталығының жетекшісі ретінде атқарған өнімді жұмыстарын атамай кету мүмкін емес. Оның ішінде мен қалыптаған «Шыңғысхан» эпопеясының төрт томын бірінен соң бірің, бөгеліссіз, сол қалпында бастырып шығарғаны өз алдына бір тауарих. Одан да зоры – ұлттық руханият тарабындағы үздік үлгі – «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні»  мен «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» аталатын, антологиялық әуезді жинақтар.

Ұлтымыздың ғажайып әндері мен күйлерін ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында алғаш рет жинақтап, нотаға түсіріп, ұмытпастық дәрежеге жеткізген – ізгі, кемеңгер Александр Затаевич болғаны белгілі. Бұдан соң бұл салада атаулы, жүйелі жұмыс жүргізілген жоқ. Қазақтың мәңгілік әуезі әр тарапта, бытырап, шашырап жатты. Міне, осы бір игілікті, сауапты, әрі аса қажетті шаруаны Ғалым Доскен өзінің тікелей міндетіне балапты. Сырт қарағанда, оп-оңай сияқты. Әр кездегі грамма-жазбаларды теріп алыңыз да, жинақтап бастырыңыз. Анығы – мүлде керісінше шығыпты. Ең танымал деген ән мен күйдің бірнеше нұқсасы, әрқилы орындалуы бар. Оның үстіне, бұрнағы, соңғы жазбалардың көбінің сақталу сапасы төмен. Бұл да берідегі қиындықтар. Анығы – ежелгі ән мен күйдің көбі ұмытылған, таңбаға түспеген. Әуелде ғаламат ашаршылық болды, оған жалғас советтік репрессия, әлемдік соғыс. Бұдан кейін де оңып кеткеніміз шамалы… Енді Ғалым мен оның көмекшілері Ата-Қазақтың бұрынғы-соңғы бар әуезін түгендемек болады. Ол үшін… қолда бар қойманы түбінен қопару ғана емес, басқа тарапты да сүзіп шығу қажет. Яғни, совет шекарасынан тыс қалған қазақтар. Мен бірде әйгілі мың әнді санамалай отырып тексерсем, соның ішіндегі халық әуендерін жинақтаған төрт жүз нұсқаның тең жарымы – арғы бет, Қытай қазақтарынан келген екен. Енді салыстырып қараңыз. Мына жақта – Қазақстан, қалың қазақ, арғы жақта – осы қазақтың әлдебір бөлшегі ғана, алайда, қосқан үлес – теңге жақын. Бұл не? Ойлап тұрсаңыз, мұндағы қазақ қияметтің қыл көпірінен өтті, барынан түгелге жуық айырылды. Арғы қазақтың да жетіскені жоқ, әйткенмен, жаппай геноцидке ұшырамады. Нәтижесінде, өз аймағында барға қоса, бұл жақтағы, жалпы қазаққа тән, ежелгі нұсқаларды толығырақ сақтапты. Міне, оңды көзқарас, осыншама ұтымды, парасатты һәм тиянақты жұмыс нәтижесінде Ата-қазақтың бар мұрасы, арғы жақ, бергі жақ демей, бар ортағымен, бір антология құрамына түйісіп отыр. Ән ғана емес, күй атаулы да.

Әрине, өз кезінде ондаған білгір маман атқарған қыруар жұмыс. Мәдениет министрлігі тарабынан қолдау тағы бар. Алайда, негізгі ұйымдастырушы, ең бастысы – бағыт беруші Ғалекең болғаны анық.

Мен осы шағын лебізді «Ғалекең» деп бастасам, енді Ғалекең деп түйіндегелі отырмын. Менің Ғалым атты тағы бір бауырым бар. Ғалым Боқаш. Көп бұрын Алматыда жалғастық, одан кейін Прагада, менің Едіге баламмен әріптес қызмет атқарды. Енді Америкада қатарлас тұрып жатырмыз. Кейінгі буында мен таныған терең жігіттердің бірі. Осы екі Ғалым қабаттасқан соң, үлкенін ұлықтап, Ғалеке дейтін болдым. Мен ғана емес, біздің үйдегі жеңгесі және кіші Ғалымның өзі де. Ал біздің балалар мен немерелер Ғалекең аға деп сөйлейді. Анау бір жылы Алматыда, Тұрсынжан «Ғалым» деп төтелеп отырғанда, бір түрлі сөлекет көрінеді екен, қолма-қол түзету жасадым, сен де Ғалекен деп айт деп. Қазақ рәсімі - менің ерекше құрметім.

Баяғы Оралхан марқұм Бөкеев менен үш жас кіші еді. Кіші болса да кеудесі бар ғой. Бірде дос-жар дастарқан басында: «Мұха, арамыз небәрі үш жас, мен сізден қашанғы кіші бола берем», - деді. Сонда айттым: «Тоқсанға келгенде де мені қуып жете алмайсың, қашанда мен – үлкен, сен – кіші» деп. Мойындап қойған. Сол Ораш менің елуіме жетпей кетті. Обал, үлкен өкініш. Шындығында жасы кішінің алдыңғы ағаны қуып жетуі – әдепкі жағдай екен. Алдымен елуге кел, одан соң алпыс, жетпіс. Өкшелеп отырасың. Ақыры, түптің түбінде, жүзге жетіп, озып кетуің де мүмкін.

Енді осы Ғалекеңе алпыстың өрінде айтар тілегім:

Сен қайткенде бақытты адамсың. Ел-жұртыңа ойдағыдай қызмет жасадың. Ұл мен қыз – төрт перзент өсірдің, енді немерелерді қызықтырып отырсың. «Ауырып тұрдың, аунап тұрдың» дегендей, қазіргі денсаулығығың тіпә, тіпә, өте жақсы. Міне, асқаралы Алпысқа алқынбай жетіп отырсың. Алда – жігерлі Жетпіс тұр. Одан әрі – Сексеннің сеңгірі. Яғни, менің өкшемді бастың деген сөз. Бұл кезде ағаң да Тоқсанды жеміріп қалса керек. Ашылып айтсам, өткен мерекелі күні өзіме тоқсан жеті деген меже қойдым. Осы жақында, дүниеге жаңа келген Тоқай-Темір деген немеремнің он сегіз жасына теңеп, тағы бір жыл қостым. Сен өз тарабыңнан және бір жас үстемелеп, Жамбыл атамның шапанына оран. Одан арғыны өзің білесің. Тәңірінің қалауы бойынша, жүзден асу да қиын емес. Ең бастысы – қашанда басың ауырмасын, еңбегің тоқырамасын, төңірегің түгел, ел-жұртың аман болсын!

Мұхтар МАҒАУИН,

Силвер Сприң, Мэриленд, АҚШ.