17 нау, 2017 сағат 10:45

Мұхтар Әбіләзовтің ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті

Бүгін Алматы қаласындағы қылмыстық істер бойынша ауданаралық мамандандырылған сотта алаяқ банкир, «БТА банкінің» бұрынғы басшысы Мұхтар Әбіләзовке қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Baq.kz порталына сілтеме жасап.

Сотталушылар орындығында сырттай сотталатын М. Әбіләзовтен бөлек оның үш сыбайласы – «БТА банкінің» басқарма төрағасының экс-бірінші орынбасары-несие беру комитетінің төрағасы Жақсылық Жәрімбетов, несиелеу бойынша экс-директор Қайрат Садықов және «БТА банкінің» бұрынғы басқарма төрағасы Садуақас Мәмеш отыр.

Бұған дейін қылмыстық іске қатысушыларға, соның ішінде М. Әбіләзовтің қорғаушысына айыптау актісі тапсырылды. 2017 жылдың 1 және 14 ақпанында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюро Қылмыстық-процессуалдық кодекстің талаптарына сәйкес, отандық және шетелдік БАҚ-та материалдар шығару жолымен М. Әбіләзовті сотқа келу туралы хабардар етті. Алайда,ол сотқа келген жоқ және келуіне кедергі келтіретін себептер жөнінде де хабарлаған жоқ.

Алаяқ банкирдің ісінің кейіпкерлеріне қылмыс жасау, бөтеннің мүлкін иелену және жұмсау, заңсыз жолмен табылған ақшаны заңдастыру, банктің қаражатын заңсыз пайдалану, өкілеттіктерін асыра пайдалану мақсатында қылмыстық қауымдастық ұйымдастырды және құрды деген айыптар тағылып отыр. Ал М. Әбіләзовтің өзі Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 6 бабы бойынша айыпталуда: атап айтқанда, «Қылмыс жасау мақсатында қылмыстық қауымдастық ұйымдастыру және құру», «Сеніп тапсыралған бөтеннің мүлкін иелену және жұмсау», «Сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкіне қастандық жасау және жұмсау», «Қылмыстық жолмен табылған ақша мен мүлікті заңдастыру», «Банктің ақшасын заңсыз жолмен пайдалану», «Өкілеттіктерін асыра пайдалану».

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюро М. Әбіләзов пен оның сыбайластарына қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары аяқталып, іс прокуратура органдары арқылы сотқа жөнелтілгенін хабарлаған еді.

Әмірлан Әлімжан