Аузы уәлі айтқышсымақтар «Мәңгі Ел» идеясын сүзгіден өткізбей мүйіздей жөнелгендіктен, қаншама қандастарымыз дәркүмән ойдың шылауында қалып, бұл тақырыпқа тіксіне қарай бастады.
Сонда деймін, Орхон-Енесей бітігіндегі «Мәңгі-ел» идеясын тасқа қашап қалдырған Ер-Түрік бабаларымыз, желмаясымен желе жортып, ғұмыр бойы «Жерұйықты» іздеген дүртекті Асан қайғы бабамыз, түркі эпостарында жағы жар, тілі кез болып алып-ерендікті насихаттап, «Жиделі-байсынды» жырлаған сайру-сулуктеріміз, Сияр және саңлақ сахабалардың ғұмыры – «Алтын ғасыр» мен «Құтты заманды» (жұмаққа кіруі алдын-ала сүйіншіленген, мәңгілік бақытпен қауышар қауым) өнеге етіп, өлеңдеткен озан-жырауларымыз, халқының арын арлап, зарын зарлап, мәңгілік бақытпен қауышуының қамын жеген Алаш зиялылары – бәрі-бәрі нені мұрат еткенін аңдамай, жағы сембестен, құр елес қуып сандала берген бе? Әлбетте, олай емес деп кесіп айта аламыз...
Иә, Елбасы Жолдауында паш етілген «Мәңгі ел» идеясына перенауыз оппозициялық пиғылдағы топ өкілдері cалиқалы сын айтудың орнына, мәселені толық ұғынбастан жапатармағай келемеждеуге көшті. Сірә, әріптестеріміздің кейбірі оппозиционер болу – Ақордадан шыққан әрбір бастаманы бас-көз жоқ сынай беру керек деп ойлап жүрсе керек. Бір себептен сенімсіздік тенденциясының орын алуына кейбір идеологтардың ұлттық мүддемізге кереғар қарекет етуі һәм ұлттық тақырыптарды құр көзбояу етіп жалаулатуы түрткі болған тәрізді. Ал, базбір оқымыстыларымыз идеяның іске асыру тетіктерін жоқтаудың орнына мәселеге доктриналық тұрғыдан баға беріп, бейне Жаббар-Хақтың «Әл-Бақи» сыпатынан қалың бұқара мақұрым деп ойлады ма, Американы ашқандай ысқаяқтық танытып «Алла ғана мәңгілік, қалғанының бәрі өткінші» деп соқты. Ал, шын мәнінде, «Мәңгілік Ел» идеясы аумалы-төкпелі саясат тұрғысынан емес, діни-пәлсапалық тұрғыдан бағалануы тиіс еді.
Задында, қандай бір қоғам, қайсы бір дәуірді алсаңыз да, Алланың жамандықтан тыйғаны мен жақсылыққа бұйырғанында пәлендей өзгешелік болған емес. Өйткені Жаббар-Хақ бекіткен илаһи құндылықтар мәңгілік (Рұм, 30). Бұған ешкім дауласа алмайды. Ендеше, илаһи құндылықтар мәңгілік болса, сол құндылықтарды шашау шығармай тұтынған шарғы пенделерінің рухани ғұмыры да мәңгілік болмақ. Басқаша айтқанда, Жаратушы мәңгілік құндылықтарды ізгі пенделерінің мәңгілік бақытпен қауышуы үшін бекіткен. Рас, Алла-тағала «әл-аууал» (басталуының шегі жоқ) және «әл-бақи» (соңы жоқ), бірақ Ұлы Жаратушының сүйікті құлдарына әзірлеген жұмағының басталуында кесім болғанмен, оның соңы жоқ (Бақара, 25). Демек, жұмақтық қауым үшін өмір сүру де мәңгілік.
Әсілі, шын зиялыларымыз өз ұлтының тек фанилік жыртысын жыртып қоймай, ақыреттік қамын ойлауы ләзім, халқының мәңгілік бақытпен қауышуы үшін осы дүниеде жамандық атаулымен ымырасыз күресуі шарт. Жалқы тұлға жұртынан жырақ кетіп «мәңгілікті» нысанаға алса да, асыл мұратына толық қол жеткізуі неғайбыл. «Мәңгілік ел» болу үшін наным-сеніміміз һәм қоғамдық қатынастарды реттейтін құқықтық нормаларымыз, жалпы құндылықтарға деген өлшемдеріміз соған лайықты болуы керек. Өкініштісі, біз бұл мәселені шешуді әлі қолға алған жоқпыз. Әйткенмен, әуелі алдағайлап ізгі ойдың қылаң беретінін, ал оның іске асуы екінші кезектегі мәселе екенін ескерсек, «мәңгілік ел» идеясының біздің қоғамда айтыла бастағанына қуана беруіміз керек сияқты. Яғни, кежегей тамырымыз кейін тартып, билікке қысастық қыламын деп «мәңгілік ел» идеясын жөргегінде тұншықтырғанша, ойпаздар мен ақылмандарымыз оның кемшіл тұстарын толықтырып, қоғамдық сипатын тарқата түсіндірсе құба-құп болмақ.
Мұхан Исахан,
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитеті жанындағы Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу
және талдау орталығының бөлім басшысы
Ұлт порталы