05 жел, 2019 сағат 11:31

Мұхамбетов: Құрғақшылықтан зардап шеккен шаруаларға қолдау көрсеттік

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов «ҚазАгро» холдингі қаржы институттары алдындағы міндеттемені 2020 жылдың желтоқсанына дейін ұзартуға мүмкіндік бергенін мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Биыл жаздық егіс көлемі 4,7 млн га құрады. Дәнді дақылдармен - 4 млн га жуық, оның ішінде 3,3 млн га - бидай егістігімен қамтылған. Егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыруды жалғастыру шеңберінде майлы дақылдар егістігі 510 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Егін жинау жұмыстарының қорытындысы бойынша 3 млн тонна астық бастырылды. Жиналған астық көлемі шаруашылықтарға бірінші кезектегі қажеттілікті жабуға, мал қыстатуды жүргізуге, алдағы жылдың егіс жұмыстарына дайындалуға мүмкіндік береді. Бұл ретте тұқым толық көлемде қамбаға құйып алынды», - деді Архимед Мұхамбетов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Әкімнің айтуынша, құрғақшылықтан зардап шеккен шаруашылықтарға мемлекеттік қолдау көрсетілген.

«ҚазАгро» холдингі қаржы институттары алдындағы міндеттемелерді 2020 жылдың желтоқсанына дейін ұзартуға мүмкіндік берді. Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге алынған кредиттер, техника лизингі, мал шаруашылығын дамытудың салалық бағдарламалары бойынша төлемдерге жеңілдік жасалды. Облыстың 4 қаласы мен 6 ауданында тәулігіне - 22,4 тонна, айына - 673 тонна қалыптық нанды пісіруге арналған ұнға қажеттіліктің тәуліктік нормасымен 25 наубайхана қамтылды. Құрғақшылық аймағына кіретін қалалар мен аудандардың әкімдіктері нан бағасын ұстап тұру бойынша үшжақты меморандум жасасты. Құрғақшылыққа ұшырамаған аймақтардың әкімдіктері (8 аудан) наубайханалармен екіжақты меморандумға қол қойды», - деді ол.