06 қар, 2018 сағат 11:39

Мұхамбетов: Қостанай облысының атауын Торғай деп өзгертуге қарсымын

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Қостанай облысының атауын Торғай облысы деп атау туралы бастамаға қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бүгін Астанада өткен брифингте бастамашыл топтың облыс атауын өзгерту туралы ашық хатына қатысты сұрақ қойылды.

«Хатпен таныспын. Көрдім. Жалпы, менің ұстанымым - қарсымын. Өйткені, Қостанай облысының тарихтан келе жатқан өзінің атауы бар. Қателеспесем, бұл хатқа 17 адам қол қойған. Бірнеше адамды танимын. Өзім олармен жеке сөйлескенде көп ауданда әкім болған Сабыржан Ахметұлы деген кісі «мен бұл хатқа қол қойған жоқпын» деп бас тартып отыр. Қалибек Деріпсалдин (композитор) де ол хатқа қол қоймағанын айтуда. Бұл жерде, сондықтан халықты дүрліктіру дұрыс емес деп ойлаймын», - деді Архимед Мұхамбетов.

Облыс әкімі елді мекен атауын өзгертудің тәртібі барын, тыңдаулар өту керектігін ескертті.

«Сондықтан, көре жатармыз. Бірақ, жалпы өз ұстанымымды айтайын. Бізде Торғай атауымен қалыптасқан, бұрыннан келе жатқан аудан орталығы бар. Егер отызыншы, қырқыншы жылдары Қостанай қаласының аты Торғай деп аталса, онда бұрынғы атын қайтару бойынша жұмыс болса бір жөн. Ал бұл жерде өзімнің ұстанымым - қарсымын», - деп түйді Архимед Мұхамбетов.