10 нау, 2022 сағат 17:53

Мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға қосымша бөлме бөлінеді


«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық әктілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасында мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар үшін тұрғын үй бөлу кезінде қосымша бөлме бөлу көзделген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы Заң жобасын ҚР Парламенті Мәжілісінде таныстырған ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев мәлім етті.

«Жоғарыда айтылғандай, тұрғын үй алу үшін қандай да бір санатқа жататынына қарамастан, тұрғын үйге мұқтаж кез келген ҚР азаматы есепке тұра алады.

Сондай-ақ, балалары кәмелетке толған не олар қайтыс болған жағдайда, көп балалы отбасылар және толық емес отбасылар үшін кезектілікті сақтау жөніндегі шаралар көзделген.

Солтүстік өңірлерге қоныс аударған жағдайда қандастар кезектен шығарылмайтын болады. Мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді орындау, сондай-ақ, адам өмірін құтқару кезінде қаза тапқан азаматтарды құрметтеу мақсатында, осындай адамдардың отбасыларын жергілікті атқарушы органдармен 1 жылдан кешіктірмей тұрғын үймен қамтамасыз ету ұсынылады», - деді Еркебұлан Дауылбаев.

Ал мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар үшін тұрғын үйді бөлу кезінде қосымша бөлме бөлу көзделген.

«Отбасы банкіне» кезекте тұрғандар базасын жүргізу бойынша мемлекеттік функцияларды беруге байланысты дербес деректердің қауіпсіздігі мәселесі туындайды.

Осыған байланысты кезекте тұрғандардың дербес деректерінің сақталуы, қауіпсіздігі және қорғалуы Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес жүзеге асырылатын болады.

Кезектілікті есепке алу үшін «Отбасы банкі» әзірлейтін ақпараттық жүйе мемлекеттік техникалық қызметте жыл сайынғы аттестаттаудан және сынақтан өтетін болады.

Дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісім заңнамаға және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің «Дербес деректерге қолжетімділікті бақылау сервисіне» сәйкес тұрғын үйге мұқтаж азаматтармен ұсынылатын болады», - деді вице-министр.